Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бала жастан. Экстремизмге жол бермеу тәрбиеден басталады

20.05.2016 3378 0 пікір

Теріс пиғылды діни ағымдардың әрекеттерін жеткізе отырып, терроризм мен діни экстремизмге жол бермеу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы діни ахуалды талдаудың өзекті мәселелері» атты оқыту семинары өтті. Облыстық Дін істері басқармасының қолдауы негізінде Шапағат деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген семинарға Атырау қаласы Ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары қатысты.

Оқыту-семинарын Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысы Еркінбек ШОХАЕВ ашып беріп, өлкедегі діни жағдай және діни ахуалды оңалту, алдын-алу шаралары жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ, дәріс оқитын лекторларды таныстырып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.


«Шапағат» орталығының директоры, теолог Қанат ЖҰМАҒҰЛ  қазіргі діни ахуалға қатысты өзекті мәселе бір отбасында кездеспесе де, ағайынды әулеттің бірінде орын алатын жағымсыз жағдайға айналып бара жатқандығын айтып, бұл мәселемен күресті күшейту керектігін нақты басып айтты. Сондай-ақ, діндар адаммен қалай байланысу керек, оны оңалту үшін қандай қадамдарға баруға болады деген секілді сұрақтарға жауап айтылды.

Бұдан кейінгі сөз алған Атырау облысы Дін істері басқармасының бас маманы Қайролла КӨШҚАЛИЕВ - өз тарапында діни қызығушылығы бар кәмелеттік жасқа толмаған бала мен ата-анасы арасындағы қарым-қатынасқа қатысты ойын білдірді.


- Ата-ана әрқашан да баласының қызығушылығын бірінші орынға қоюы тиіс. Себебі бала «барма», «көрме» деген сайын сол нәрсеге талпынады. Ең бастысы қызығушылығын дұрыс жаққа, балаға тиімді жаққа бұру – біздің міндетіміз. Қалай ойлайсыздар, ата-ана жылуын көрмей, көшедегі көлденең көк аттыға ерген дұрыс па, әлде баланы бақылауда ұстап, өзің білмеген жағдайда заңды діни білімі бар теолог маманға апарған жөн бе? Таңдау өзіңізде, балаңызды күні ертең ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кесапат адам болмауы үшін балаңа кішкентайынан көңілуіміз қажет. Психолог Нәсіп ҚУАНОВА мектеп жасындағы балаларда кезедесетін діннен өзге де мәселелерді қамти келіп, «балаға кішкентай бала ретінде емес, ең керемет жаратылыс» -  деп қарау керек, баланы айыптау, кінә тағу арқылы емес, өзімен тең дәрежеде сөйлесу арқылы мәселені шешу, жанашыр жан ретінде тілдесу арқылы реттеу нәтиже беретіндігін мамандарға түсіндірді.


Шара соңын орталықтың орынбасары, теолог Айбек АТАШЕВ адамды басқаратын – сана, санаға кірген дерт аз ғана кездесумен бітпейді. Ол тұрақты түрде баланың ата-анасымен, достарымен, мұғалімдерімен кеңесе отырып жүзеге асатын дүние екендігін жеткізді. Міне осындай маңызды мәселелердің көпшілігі ортаға салынып, оқыту-семинарының соңы пікір алмасуға ұласып, сұрақтарға жауап берілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру