Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тарбағатайда тарихи танымдық шара өтті

17.05.2016 3447 0 пікір

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта «Дін және тарих тағылымы жылы» аясында аудандық семинар болып өтті.

Шараны ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің бастамасымен Тарбағатай аудандық «Ұранхай қажы» мешіті ұйымдастырды.

Семинарға ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің Бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы, Найб имамдар, Тарбағатай ауданы әкімдігінің қызметкерлерімен бірге   жалпы 250-дей адам қатысты. 

Өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы: «Діни басқармадан ағымдағы жылды  Дін және  тарих тағылымы жылы етіп жариялаудың басты мақсаты ұлтымыздың бай тарихын, оның исламмен терең тамырластықтарын зерттеп, насихаттау, отансүйгіштікті арттыруға бағытталған. Осы мақсатта аудандарға жалпы халықты қамтыған осындай танымдық шаралар өткізудің маңызы зор» екендігін айта келе дін мен тарихқа байланысты салиқалы баяндама жасады. Халықтың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар жиында ауданның ішкі саясат бөлімі басшысы, тарихшылар танымдық баяндамалар оқыды.

Алқалы шарада Тарбағатай ауданы әкімі Ділдабек Оразбаев  жемісті еңбек етіп жүрген ауданның имамдарын марапаттап, елдің атынан алғыс білдірді.

«Дін және тарих» шарасының келесі бөлімі Тарбағатай аудандық мұражайда өтті. Мұнда мұражай қызметкерлері ондағы жәдігерлерді таныстырып,  тарихқа қатысты тұстарына терең тоқталды. Және де аудандағы тарихи өлкелер туралы да әңгімеледі.

Соңынан Тарбағатай ауданының Бас имамы Айдын Жортымов шараның тағылымдық және танымдық маңызда өткенін айтып, қатысушыларға ризашылығын жеткізді.

Өкіл имам Ақсуатқа сапары аясында Тарбағатай аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, кері ағымдармен күрес және ислам құндылықтары жайлы тағылымдық рухани насихат айтты.

Бұдан соң Ермек қажы Тасболатұлы Тарбағатай аудандық «Ұранхай қажы» мешітінде аудан имамдарымен Діни басқармадан белгіленген төрт бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы міндеттер туралы пікір алмасып, нақты тапсырмалара берді.

 

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру