Ақтау қаласындағы № 9 мектепте өткен «Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбындағы шараға облыс имамы С.Сейтбеков шақырылды.
Мектеп әдіскерлерінің ұйымдастыруымен болған кездесуге қала мектептеріндегі әдіскерлер, психологтар, кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жасайтын инспекторлар және оқушылар қатысты. Шараның мақсаты - оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, бүгінгі таңда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жыл сайын артып келе жатқандығына алаңдаушылық білдіру. Жиында осыған қатысты қандай шаралар қолдануға болады,мәселенің алдын алу тетіктері қандай, оны қалай пайдалану керек деген сауалдарға жауап іздеді.
Жиналғандар өздерінің пікірлерін білдіріп, психолог ұстаздар бала психологиясына тоқталса, инспекторлар тәртіп сақтау, Заң тыйым салған өрескелдіктерді жасамау туралы айтты. Әдіскерлер баланың өсіп жетілу кезеңдеріндегі өзгерістерін, қарым - қатынас әдістерін ұсынды.
Ал, өкіл имам С.Сейтбеков тақырыпқа дін тұрғысынан тоқталып, бала санасына имандылық тәрбиесі керек екендігін, оның болашағы үшін, азамат боп қалыптасуы үшін адамгершілік құндылықтарды алдыңғы орынға қою қажеттігін айтты.
Облыс имаманың айтуынша, қазіргі жахандану заманында баланы тәрбиелеу аса қиынға түсуде. «Өйткені ата-ана баланы тек экономикалық жағынан қамтамасыз етуші де, рухани жағын теледидар мен интернет толтырып жатыр. Бала тәрбиені көк жәшіктен де, көшеден де ала алмайды. Оған қарапайым адамдық қағидаларды, жақсы мінез-құлықты, адамдарға жақсылық жасауды үнемі айтып отыру қажет. Ата-ана имандылыққа тәрбиелесе, бала өзі өскен ортасына сыйымды, қоғамға қадірлі болады», - деді өкіл имам С.Сейтбеков.
Отырысқа жиналғандар өкіл имамның сөзін құп көріп, бұл мәселеге толықтай қосылатындықтарын жеткізді.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.04.2016
3689
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру