Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ-тың Астанадағы алғашқы жұмыстары (ФОТО)

26.04.2016 3840 0 пікір

Түзеу мекемесінде насихат айтылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат тобы елордаға ат басын бұрып, насихат жұмыстарын бастады.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған алғашқы кездесу ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, дінтанушы Бауыржан Отарбаевтың қатысуымен бірнеше мекемелерде өтті.

Түске дейін Астана қаласындағы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/10 мекемесінде діни қылмыс үшін бас бостандығынан айырылған 40-қа жуық азаматтармен кездесіп, теріс ағымдардың қауіп-қатерлігі мен қоғамға әкелер зияндығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сансызбай Шоқанов жазасын өтеушілерге басшыға бағыну, сабыр етудің артықшылығы, ертеңгі өмірді кекшілдікпен емес, жақсылыққа жоспарлау жайында тоқталып өтті. «Хадистерде айтылғандай, барша адам баласы қателеседі. Бірақ, сол қателік жасаушылардың жақсылары қателігін мойындап, тәубеге келгені екен. Қазақта жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген нақылмен ұғындырады. Кейде біліп, кейді білместікпен қателікке ұрынамыз. Адам баласы өз-өзіне ақылшы, тәрбиеші бола білсе, бұл әрекеттерді өткен күнмен қалдыруға болады. Бұл ретте сабырлылық таныту – ең маңыздысы. Сол себепті де, қай кезде, қандай жағдайда да ашуға емес, ақылға жүгінгеніміз абзал болмақ» деп С.Шоқанов.  Кездесу соңы бүгінгі күнде дін саласындағы өзекті сұрақтармен түйінделді.


 

РАНТ «Абу-Даби Плаза» кешенінде

РАНТ мүшелерінің келесі кездесуі «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешеніндегі құрылысшы қауымға арналды. Атап айтсақ, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, дінтанушы Бауыржан Отарбаев құрылысшыларға дін атын жамылған теріс ағымдарға арбауынан сақтану, шынайы ислам жайын түсіндірді. Дінтанушы Б.Отарбаев орыс тілінде экстремистік идеялардың алдын алу туралы кеңінен айтып өтті. 

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде ел тыныштығы, ауызбіршілік жайында оңды насихаттарын жеткізді. «Ақиқатында, шынайы дін адам баласын рухани кемелдікке жеткізеді. Ал ислам ешуақытта зорлық-зомбылыққа шақырмайтын, кемеліне жеткен дін. Теріс пиғылды ағымдардың пайда болуы шын мәнінде, діни сауатсыздықтан басталады. Ислам әсіредіншілдікке емес, әрқашан орта тұсын ұстануға, қоғаммен бірге қалыптасуға, бейбіт қатынаста болуға үндейді. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде Алла тағала «Шектен шықпаңдар. Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деп бізге айқын жол көрсетті. Кез келген нәрсені ақылға салып, байыппен шешу керек. Қазіргі әлемнің әр түкпірінде болып жатқан бүліктің басты себебі діни сауаттың олқылығынан екенін көреміз. Сауатты адам жаза баспайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек» деп, мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін ішкі иммунитетті қалыптастыру керектігін айтты. Біздің де айтарымыз, дін мәселесін осы салаға жауапты мекеме, тиісті уәкілетті орган бар, дін мамандары мен имамдардан сұрауларыңыз керек» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы.

Кездесуде ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов қой терісін жамылған ағымдардың астыртын қайда апарып соғатынын және онан сақ болудың жолдарын түсіндірді. Тыңдаушылардың да сауалдарына дін мамандары орынды жауаптар берді.

Қорыта айтсақ, бүгін РАНТ насихаты жалпы саны төрт жүзге жуық адамды діни маңызды мәліметтермен қамтыды. 



Зайырлы қоғамдағы дін жайы түсіндірілді

Астанадағы жұмыс сапары аясында ҚМДБ-ның РАНТ мүшелерінің кезекті кездесуі Қазақ технология және бизнес университетінде өтті.

 Жүзге жуық студент жастармен өткен жүздесу  «Зайырлы қоғамдағы Ислам діннің рөлі» тақырыбына арналды. ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, дінтанушы Бауыржан Отарбаев жат ағымнан сақтану, жастар тәрбиесі және отан сүйіспеншілігі тақырыптарын сөз етті. Студенттер көкейде жүрген қазіргі қоғамдағы діни мәселелерге қатысты сауалдарын қойды. 

Сондай-ақ, «Экспо-Бизнес А» құрылыс алаңында қызмет ететін жүзденден астам құрылысшылар да РАНТ мүшелерінің уағыз-насихаты арқылы теріс ағымдардың алдау-арбау тәсілдері мен зиянды тұстарынан сақтану туралы мәліметтерге қанықты.


«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру