Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам – адамгершілік пен тазалық діні

23.04.2016 3620 0 пікір

«НұрОтан» партиясы облыстық филиалында Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және зайырлы қоғам» тақыбында дөңгелек үстел болып өтті. Басқосуға мешіт қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тілшілер қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы  өкіл  имамы, облыстық  Бекет  ата мешітінің бас  имамы  Смайыл Сейтбеков  «Зайырлылық  дегеніміз  не?»  тақырыбында баяндама  жасады.

– Зайырлылық дінсіздік емес, ол бүкіл дінге түсіністікпен қарау деген мағынаны білдіреді. Немесе зайырлылықты лаицизм ұстанымы деуге келеді. Лаицизм – мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуді мақсат етеді. Ислам – әлемдегі  ең асыл да кең дін. Кез-келген адам мұсылман  шарттарын  орындай  алады,  ал, христиан дінінде олай емес. Мұндай діни шараларды арнайы маман ғана атқарады, - деді С.Сейтбеков.

Облысымыздың бас имамының айтуынша, зайырлылықты дұрыс түсінбей, оны дінсіздік  дейтіндер де бар. Зайырлы мемлекетте дін саясатқа, билік дінге араласпайды. Бірақ, жер тыныштығы мен ел тұтастығына келгенде, үкімет діни құрылымды бақылауға алуға құқылы. Теріс ағымдардың қанат жаюына  әрине, үкімет  жол  бермейді.

Ислам – тазалық пен адамгершіліктің діні. Ислам – нағыз асыл дін. Әлемнің  небір  ғұламалары  исламның  асылдығына  көз  жеткізген.

Дөңгелек үстел басына жиналғандарды толғандырған жәйт – орта мектептердегі дінтану пәнінің оқытылуы болды. Дініміз туралы мектеп оқушылары қалай оқытылуда? Кімдер оқытып жүр? Облыстық дін істері басқармасы өкілдерінің мәліметтерінше, алдағы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына «Зияткерлік және дінтану» пәні енгізілетін болады. Қазір  еліміздің  төрт  аймағында сынақ  сабақтары жүргізілуде. Жаңа пән оқушыларға асыл дініміз туралы терең мағлұматтар беретін болады.

Анар Шамшадинова,
Талант Құсайын


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру