Уа, жарандар, халайық,
Наурыз думан басталды,
Жарапазан жыры бар.
Жауқазындай наурызға
Бір сәт зейін салайық.
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық, - деп басталған Ұлыстың ұлы күні Нұр-Мүбарак университетінде ән-күйден де, жыр-толғаудан, тәттіден шашу шашылған күн болды.
Жуанның жіңішкеріп, ұзынның қысқарып, күн ұзарып ақтың молайған бұл береке бастау болған мерекенің нышанын университет ауласына тігілген қазақтың киіз үйінен аңғару қиын емес еді.
Шашу шашылып, басталған мерекені университет ректоры, доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюни мырза мен проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзалар құттықтау сөзбен мерекенің маңыздылығымен қатар университеттің алдағы жоспарларына да тоқталып өтті.
Биылғы Наурыздың ерекшелігі Нұр-Мүбарак университетіндегі кафедра, бөлімдер халқымыздың түрлі салт-дәстүрінен көрініс қойып, мерекенің сәнін келтірді. Бұл әсіресе мысырлық ғалым ұстаздарға қызық әрі таңсық көрінді.


«Жалпыгуманитарлық пәндер» кафедрасы мен Оқу бөлімі бірігіп, келін түсіру, беташар, ақ келінге бата беру дәстүрлерін әдемі көрсетсе, «Исламтану» кафедрасы мен кітапхана ұжымы бірлесіп әзірлеген бесікке салу келін түсірудің жалғасы іспеттес болды.


Ал «Араб тілі» және «Дінтану» кафедралары біріккен тұсаукесер көрінісі тіпті шынайы көрініс тапты. Оқытушы Жұлдыз Мейір ханым немересінің тұсауын кесіп, ғалымдардың ақ батасын алды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері күмбірлеген күйді төгіп, тәлімді терме, ойлы толғауларымен мерекенің әрін де, сәнін де кіргізді.
Ұлттық киім киген студенттер, ұстаз-оқытушыларға толы Нұр-Мүбарак университетінің ауласы нағыз кешегі қазақы ауылды еске салғандай. Салтанатты кештен кейін 600 адамға арналып дастархан жайылды. Ал мереке соңы спорттық ойындармен жалғасты.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.04.2016
4428
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру