Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имамдар Нұр-Мүбарак университетінде

18.04.2016 3655 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінде ҚМДБ-ның Білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсебаев бастаған 8 облыстың өкіл имамы келіп, болашақ түлектермен жүздесті. Негізгі мақсат, биылғы түлектерді жұмыспен қамту, әсіресе руханиятқа, білімді исламтанушыларға сусап отырған ауыл-аймақтарға тарту.

Бақтыбай Бейсебаев дипломдық жұмыстарын әзірлеп жүрген болашақ түлектерге еліміздегі діни мамандардың, жалпы исламтанушылардың қажеттілігі жайлы жан-жақты жеткізді. Еліміздегі исламтанушыларға артылған үміттің зор екендігін айта келе Қарағанды облысындағы ҚМДБ-ның өкіл имамы Бекқожа Өмірзаққа сөз берді.

«Ғалымға құрмет көрсетілсе, шайтанға құрмет етілетін еді. Өйткені ол өте білімді болды. Бірақ тәкаппарлықтан лағнетке ұшырады. Сондықтан адам білімді болған сайын кішіпейіл болуы тиіс. Сіздерді ел күтуде, ауыл-аймақ сіздердің алған білімдеріңізден үміттеніп, рухани мамандарға сусап отыр»,-деген Өмірзақ Бекқожа өзінің 25 жылдық тәжірибесінен сыр шертіп, жастарға біліммен қатар тәлімнің де маңыздылығына тоқталды.

«Жамағат мешітке сыймай, санаулы имамдарымыз оларды қамтуға жетіспей жатыр»,-деген Маңғыстау облысындағы өкіл имам Смайл Сейтбеков мырза қазір әсіресе Жаңаөзен қаласындағы жамағаттың имандылыққа деген ұмтылысына тоқталып өтті. Ел ішінде тек имамдар ғана емес, әйел ұстаздардың жетіспеушілігі қолбайлау екенін жеткізді. Осылайша Орал, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының өкілдері биылғы түлектерді өз өңірлерін жұмысқа шақыру барысында ел ішіндегі ахуалға да тоқталып өтті.

Биыл 116 студент бакалавр дәрежесінен үмітті болса, оның 105-і мемлекеттік білім грантымен оқығандар.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру