Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау облысындағы Шайыр ауылында мешіт ашылды (ФОТО)

12.04.2016 4428 0 пікір

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Имандылық үйінің ашылу салтанатына өкіл имам С.Сейтбеков, аудан әкімі Ж.Айтуаров және ауыл тұрғындары қатысты.  

Облыстың бас имамы ауыл жұртын қуаныштарымен құттықтап өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбилеуде имандылықтың зор әсер тигізетінін айтты және халыққа ҚМДБ тарапынан ресми тағайындалған жаңа мешіттің бас имамы Нәдір Адайды таныстырды.  

Жаңа нысанның лентасы қиылған соң, көпшілік мешіт ішіне еніп, өкіл имамға ұйып екі ракағат сәлем намазын оқыды. Ауыл ақсақалдары бата жасап, мешіт ішінің жамағатқа толуын тіледі. 

Құрылысы 2015 жылдың сәуір айында басталған жаңа мешіттің бойын тіктеуіне ауыл тұрғындары белсене ат салысқан. Сондай-ақ, Шайыр топырағында дүниеге келіп, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар да қаржылай демеушілік көрсеткен. 

200 орынды мешіт ғимаратының ішінде ерлер мен әйелдерге арналған намаз оқитын орын мен имам бөлмесі, сауат ашу курстарын оқытатын сыныптар, шағын кітапхана орын алған. 

Бүгінгі таңда аймақта жаңа мешіттердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында, Сайын, Тұщықұдық ауылдарында үш мешіттің ашылуы жоспарлануда. 

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру