Ұлыстың Ұлы күнінде Маңғыстау облыстық орталық мешітінің ауласында арнайы киіз үй тігіліп, Наурыз мерекесі аталып өтті. Зекет қорының Маңғыстау өкілдігі Серік Хантөреевтің ұйымдастырған шараға наурыз көжеден дәм таттырып, ұлттық мерекені сезіндіру мақсатында жағдайы төмен 16 отбасы шақырылды. Мешіт тарапынан ұйымдастырылатын шараларға белсене араласатын қажы апалар да бұл шарадан қалыс қалмады. Дастарханды ұлттық тағамдармен безендіріп, қонақтарды бірге күтісіп, олардың хал жағдайын сұрасты.
Өкіл имам С.Сейтбеков "Дін мен дәстүр" тақырыбында уағыз айтып, жиналған көпшілікке ұлттық құндылық, дәстүрдің дінмен астасуы жайында көркем насихатын жеткізді.
Наурыз дастарханынан дәм татып, бала шағаларымен бірге көңілді отырысқа куә болған жандар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға облыстық орталық мешіт тұрақты түрде қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Сондай ақ, ұлттық және діни мерекелерде оларды арнайы киіз үйде қонақ етіп, ас беріп келеді.
Наурыз мерекесі Мұнайлы аудандық мешітінде де тойланды. Мешіт әкімшілігінің ұйымдастыруымен алдымен мейрамханада Наурыз дастарханы жайылып, келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Мерекелік отырысқа ауыл ақсақалдары, қажылыққа барып келген қажы ата әжелер мен мешіттің сауат ашу курсынан білім алып жүрген шәкірттер шақырылды. Дастархан басында ұлттық мейрамның нақышын келтіріп қазақтың халық әні мен жыры айтылды, ұлттық аспабымыз домбырада күй ойналды. Жиналған қонақтар үлкен экраннан аудан қажыларының үлкен қажылыққа сапар шеккен сәттерін тамашалады. Олардың қасиетті сапарда Арафа тауында жасаған дұғалары көрсетілді. Аудандық мешіттің бас имамы Айдос Муталиев дін мен дәстүр сабақтастығы жайында уағыз айтып, қазақтың дәстүр салтының Ислам дінімен біте қайнасып жатқанын, ол екеуін бір бірінен бөліп жаруға еш негіз жоқтығын айтты.
Түскі құлшылықтарын орындаған мұсылмандар Наурыз мейрамының құрметіне арналған спорттық жарыстың өтуіне ат салысты. Үлкендер жағы сайысты тамашаласа, жастар кір тасын көтеру, қол күрес, түйе палуан, еркін күрес секілді спорт түрлеріне қатысты. Жүлде алғандарға және барлық қатысушыларға теолог Мухитдин Исаұлының "Пайғамбарлар падишасы" атты кітабы сыйға беріліп, алғашқы орынды иеленгендерге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Мешітте өткен әз Наурыз мейрамы ұлтымыздың дәстүрін жаңғыртып, мұсылман қауымын шаттық пен қуанышқа кенелтті. Осылайша Ұлыстың Ұлы күнін емен жарқын қарсы алған аудандық мешіт жамағаты көңілді тарқады.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.03.2016
3752
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру