Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

7 жасар Мұстафа Құранды жатқа оқу жарысында жеңімпаз атанды (ФОТО)

28.03.2016 4037 0 пікір

Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің жастар бөлімінің ұйымдастыруымен Құранды жатқа оқу жарысы өтті. 

Жарысқа 6 жас пен 30 жас аралығындағы 40 үміткер қатысты. Олар үш топқа бөлініп, өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, 1-10 сүре, 10-20 сүре және 20-30 сүре жаттағандар өзара сайысқа түсті. Жарыстың ең жас қатысушысы Мұстафа Құдабай 7 жаста. Ол 37 сүрені жатқа біледі.

Үміткерлердің өнеріне «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы, Ербол қари Отанханұлы, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Хасан Аманқұлов, Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының маманы, исламтанушы Рауан Жұмабайұлы және «Ақмешіт» мешітінің наиб имамы Әбілқайыр Қазыбекұлы секілді білікті мамандардан құралған қазылар алқасы баға берді. Сайысқа Павлодардағы қалалық мешіттердің шәкірттерінен бөлек, Павлодар ауданына қарасты ауыл мешіттерінің өкілдері де бақ сынағанын атап өткен жөн.

- Құранды жатқа оқу жарысы облыс көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет өткізілсе де, қатысушылардың қатары көп. Бұл жарыста топ жарғандар алдағы қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылатын облыстық Құранды жатқа оқу жарысына жолдама алды. Осы жарысқа қатысушылардың ішінен болашақта есімдері елге мәшһүр қарилар шығарына сенеміз, - деді «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша 10 сүрені жатқа оқуда 12 жастағы Павлодарлық Салахаддин Бердімұрат топ жарды. Ал 20 сүрені жатқа оқу жарысында 10 жастағы Мұхаммед Ташай үздік деп танылды. Жарыстың ең жас қатысушысы Мұстафа Құдабай 30 сүрені жатқа оқу сайысында жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды иеленгендердің қатарында Айдос Мұқанов, Сәдуақас Нұржігіт, Данияр Қабдыуахитов, Нұрлыбек Амангелді, Алмас Майданов және Ермек Рыстамбек бар.

Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлық пен бір-бір қойға ие болды. Жүлдегерлер де ақшалай сыйлықтарды қанжығаға байлады. Павлодар ауданы Жамбыл ауылының өкілі Қасен Әбдірақым, Павлодарлықтар Данияр Нұрсейіт пен Қайм Дансаликов ынталандыру сыйлығын олжалады. 

 «Ақмешіт» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру