Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Аналар ардақталған рухани шара (ФОТО)

11.03.2016 3611 0 пікір

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен ақжаулықты әжелер, ардақты аналар мен қаракөз қарындастарға құрмет көрсету мақсатында «Бәрі де, Ана, өзіңнен басталады» атты рухани-танымдық шара өтті. Маңызы айқын, танымы терең, өнегесі мол рухани шараға өңірдің игі жақсылары қонаққа шақырылды.

Атап айтсақ, облыстық Білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Жаннат Досқалиева, облыстық перзентхана бас дәрігері Ұлжан Хасанова, Әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Зәмзагүл Жалмурзина, «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының кеңесшісі Қатима Тусаева арнайы келді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, колледж директорлары, Алтын алқа иелері, БАҚ өкілдері мен мешіттің әйел жамағаттары болды.

Аналарды ардақтау – бір күндік мерекелік құттықтаумен шектелмейді. Күн сайын алақанға салып, құрметтеу – әрбір перзенттің парызы. Рухани кештің басты мақсаты – осыны жеткізу. Шараны ашқан ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров ислам дініндегі ананың орны тақырыбында сөз қозғады. Аят-хадистерде нәзікжандылардың қаншалықты құрметке ие екенін айтқан бас имам Б.Берденұлы пайғамбардың өзі аналарды ардақтағанын, оларға жалғыз күнді арнамағанын және перзент анасына күнде құрмет қылғанда ғана, жәннатқа ие болатындығын тұщымды уағызбен жеткізді.

Келген қонақтарға ер жүрек Тұмар ана, ер мінезді Айғаным, Ұлбике мен Сара, Абайдай ұлы перзентті дүниеге әкелген Ұлжан, кешегі Әлия мен Мәншүк сынды ана сүтін аялап, ар-намысын ардақтаған қазақ қыздары мен асыл аналары жайында дайындалған слайд көрсетілді. Мешіт шәкірттері діни өлеңдер орындап, сәби қыздың тағдыры суреттелген тағылымдық көрініс қойды.

Тарихымызда ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылуда қазақ қыздарының ерен еңбегі көп. Әлі де саналы ғұмырын басшылық қызмет пен халыққа арнап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген аналарға ел іші кенде емес. Сондай ардагер апалар, қоғам қайраткерлері және нәзікжандылығына қарамастан қазір де атқа қонып, басшылық қызметте жүрген аналар кезекпен сөз алып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысты жақсы ойлары мен ақыл-кеңестерін айтып, өңірдің бас имамы Б.Берденұлына ерекше алғыс білдірді.

Ақылдылығы мен асылдылығы, батырлығы мен батылдығы күллі әлемді мойындатқан қазақ  әйелдерінің таза да тұнық болмысы – тектілігіміздің айнасы. Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ана – адам бойында қалыптасатын күллі адамдықтың негізі. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Жұмақ – аналардың аяғының астында", - деп өшпес сөз қалдырды. Шара соңында бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен әзіз аналарға мерекелік дастархан жайылып, мешіт атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру