Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырымдылық шара көпке үлгі сыйлады

10.03.2016 3361 0 пікір

Қиналған жанға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасау дініміздегі сауапты істің бірі. Өзгенің бір мұқтаждығын орындап, жәрдемдесу де жүректерді жұмсартады. Қайырымдылық етуді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы негізгі деп тапсырған төрт бағыттың ішіне кіргізіп, ұдайы назарында ұстауда. Игі бастама аясында өңір-өңірлерде қайырлы істер жалғасым табуда. Бас мүфти қойған қайырымдылық бағытқа Атырау өкілдігі де қолдау жасап, айтарлықтай үлес қосу үстінде. 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров «Қайырымдылыққа асығыңыз!» атты айлық акция өткізді. Бас имам көтерген бастамаға қала тұрғындары, мешіт жамағаттары, кәсіпкерлер түгелдей ат салысты. Бір айдың ішінде сегіз жүзден астам кісіден ерлер, әйелдер, балалардың қысқы-жазғы киімдері мен ойыншықтар жиналды. Сондай-ақ, күнделікті тұтынатын май, шай секілді азық-түлік өнімдерімен қайырымдылық акцияға үлес қосқандар бар.

Қасиетті жұма намазынан кейін «Иманғали» орталық мешітінің ауласында қайырымдылықтан түскен киім-кешектер, азық-түліктер, балалар киімдері мен ойыншықтар тағы басқа дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Мұқтаж жандармен кездескен бас имам Батыржан Берденұлы қайырымдылықтың дініміздегі алар орны жайында аят-хадистер айтып, бір-біріне көмек көрсетіп, мұқтажға жәрдемдесудің имандылықтан екенін жеткізді. Үлкен деңгейде өткізіліп жатқан қайырымдылыққа қолдау көрсетіп, қаржысымен, сөзімен, қолындағы барымен жәрдем берген жомарт азаматтарға, ағайындарға мешіт атынан алғыс айтып, оларға дұғада болу қажеттігін атады.

Қайырымдылық шарада өз қалауларымен азық-түлік, киім-кешектер, балаларына ойыншықтар алған мұқтаж кісілерде шек болмады. Мұндай ауқымды қайырымдылық шара жасап һәм үнемі осындай игі іске  мұрындық болып жүретін өңірдің бас имамы Б.Берденұлына және «Иманғали» орталық мешітінің ұжымына рахметтерін жаудырды.

ҚМДБ Атырау облысы «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру