Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешіті Қарттар үйінде қайырымдылық шарасын өткізді (ФОТО+ВИДЕО)

07.03.2016 3386 0 пікір

Қайырымдылық шараларының қара шаңырағына айналған «Әзірет Сұлтан» мешіті бүгін Астана қаласындағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің» мүшелеріне арнап қайырымдылық шарасын өткізді.

«Анаң – сенің жұмағың» атты қайырымдылық шарасы барысында «Әзірет Сұлтан» мешіті қарттар үйіндегі 310 қарияға гүл шоқтарын таратып, арнайы сыйлықтарын тарту етті. Ғимараттың үлкен акт залында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шара шымылдығын ашқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы бүгінгі іс-шараның Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын айта келіп, егемендігіміздің ертеңі жарқын болуын тілеп, құттықтау лебізін білдірді. Ары қарай әнмен әрленіп, күймен түрленген қайырымдылық концертінің көрігін елімізге белгілі әншілер Досымжан Таңатаров пен Шахризад Сейдахметовтер қыздыра түсті. Бұдан бөлек, «Тағылым тамшылары» балалар театрының өнерпаздары қарияларымызға жырдан шашу шашып, «Уақыттың қадірі» атты поэзия туындысын тарту етті.

Көктен нұрын төккен көктеммен бірге көңілдерге жылу ұялатқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері бүгінгі қайырымдылық концертіне қатыса алмаған қариялардың бөлмелеріне бас сұғып, арнайы құттықтап шықты.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру