
Екі елдің бауырлас халқы бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүрді жаңғыртып, Қазақстан мен Египет білім-ғылым саласындағы серіктестігін қайта жандандыруы қажет. Египет Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Оның айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігін Араб елдері ішінде тұңғыш болып мақұлдаған Мысыр еліне деген қарым-қатынас ерекше. Екі ел арасы географиялық тұрғыда шалғай жатқандықтан, жүк тасымалдау жолдары қиындау болса да, экономикалық байланысты дамыту – басты міндет. Қиын кезеңде Қазақстанның көрсеткен қолдауы мысырлықтардың жадында.
Әбдел Фаттах Ас-Сиси – Египеттің 6-шы Президенті. 2014 жылдан бері билік басында. Бұған дейін мемлекеттік органдарда, әскери құрылымдарда қызмет еткен.
Қазақстан мен Египеттің қарым-қатынасына келер болсақ, дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнады. Сол сәттен бері екеуара достық мызғыған емес. Барыс-келіс те сол жылдары басталды.
Елбасымыз Каирге 1993 жылы алғаш сапар жасады. Арада 13 жыл өтіп, 2006 жылы билік басында жүрген Хосни Мүбарак та Қазақстанға табан тіреген еді. Демек, Әбдел Фаттах Ас-Сиси – Қазақ еліне атбасын бұрған Египеттің екінші Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Құрметті Президент мырза, Сіздің тұңғыш сапарыңыз біздің өңірге. Президент болғалы біздің өңірге, Қазақстанға ең бірінші атбасын бұрып отырсыз. Биылғы жылдың аяғында біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтетін боламыз. Біздің Тәуелсіздігімізді 1991 жылы Араб елдерінің ішінде тұңғыш болып мақұлдаған Сіздің ел болатын. Содан бері жақын қарым-қатынас орнату үшін шынымен көп әрекеттер жасалды. Сіз Египет халқының басшылығына өте қиын-қыстау заманда келдіңіз. Болған қантөгістер мен революциядан кейін елде үлкен сезім, сенім жолдап, ауызбіршілікпен Сізді сайлады. Жақында Парламентте сөйлеген сөзіңізде көптеген міндеттерді қойдыңыз, оның барлығы бізге түсінікті. Египет Араб Республикасы Таяу Шығыстағы ең маңызды үлкен мемлекеттердің бірі деп санаймыз. Кейінгі кездесуде экономикалық жағдайды айтармыз. Қазіргі кезде сенімді түрде біздің өңірдегі, дүниедегі ахуал жөнінде пікір алысайық.
Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Египет Араб Республикасының Президенті
-Жоғары мәртебелі Президент мырза, мен Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Маған жолдаған шақыруыңызды үлкен ризашылықпен қабыл алып, сапарлап келіп отырмын. Өзіңіз білетіндей, Египет басшылығы және Египет халқы Қазақстанмен ынтымақтастықты өте жоғары бағалайды. Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Мысырға көрсеткен қолдауын ұмытпаймыз. Бүгінгі сапарымыздың мақсаты – барлық салалар бойынша екі ел арасындағы байланысты, ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Мен соған үміттенемін.
Мұхтар Ыбырайым, тілші
-Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбдел Фаттах Ас-Сиси сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, сонымен қатар инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы өзара іс-қимылдарды пысықтады. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 50 млн долларға жуықтаған. Дегенмен, мемлекеттер басшыларының айтуынша, сауда-айналымын көбейту керек. Көбіне біздің ел астық және майлы дақылдар, күкірт, темір экспорттайды. Ал импортта басымдық дәрі-дәрмек, цитрусты жеміс пен киім-кешекке берілген. Айтпақшы, Мысыр әлемде бидай импортаушы елдердің алдыңғы қатарында. Жылына 8 млн тонна сатып алады. Сондықтан египеттіктер Жерорта теңізіндегі Думьят пен Александрия порттарында Қазақстан терминалын салуға ұсыныс білдіруде. Бұл Египетпен бірге, Африканың өзге де елдеріне астық тасымалдауға жол ашады. Бұдан бөлек, қазір екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы өрге басып келеді. Елімізде египеттік фармацевтикалық компаниялардың 100-ден астам өнімдері тіркелген. Алдағы уақыт Египеттің ірі фармацевтикалық компаниясы Қазақстанда дәрі шығаратын зауыт ашпақ ойда. Бұдан бөлек, қос елдің басшылары мәдени-гуманитарлық байланысқа да назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қазақ даласының даңқы ұлы 13 ғасырдағы Мысыр мен Сирияның атақты билеушісі Сұлтан Аз захир Бейбарыс екі елдің достығының тарихи жібі болып саналады. Қазақ жерінде дүниеге келген әлемге әйгілі философ Әбу Насыр Әл-Фараби елдеріміздің ортақ мақтанышы болып саналады. Кезінде Мысырда көптеген қазақстандық мамандар жұмыс істеді. Қазақстанда ылғи мысырлық студенттер білім алатын болатын. Осы дәстүрді біз қайтадан келтіруіміз қажет. Мысыр халқының мемлекетаралық қатынастарының барлық бағыттарында екіжақты тиімді шараларды іске асыруға біз дайынбыз.
Айта кету керек, Мысыр басшысының бұл сапары Қазақстанға Азия турнесі шеңберінде орын алып отыр. Әбдел Фаттах Ас-Сиси бізден кейін Жапония мен Оңтүстік Кореяға барады деп жоспарлануда.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.02.2016
4247
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру