Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер-әйелге парыз», - деген. Шындығында білімнің кәусарынан сусындап, дүнияуи әрі діни іліммен қуаттану әрбір мұсылманға қажет.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни басқарма тарапынан атқарылар шаралардың бағытын айқындап берді. Сондай-ақ, Бас мүфти республика көлемінде имамдарды аттестациядан өткізіп, имамның діни сауатын көтеруге баса назар аударып келеді.
Осыған орай, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің бас имамы Дәуренбеков Орынбасар қажының ұйымдастыруымен «Бекет-ата» мешітінде имамдардың білім деңгейін көтеру мақсатында Алатау ауданының бас имамдары мен көмекші наиб имамдары және азаншыларына арналған алғашқы дәрісін өткізді.
Дәрісті ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы жүргізуде. Аптаның әр сенбі күні құптан намазынан кейін имамдарға «Хадис негіздері» дәрісінен сабақ беру жоспарлы түрде жалғасады. Дәріс үстінде хадис іліміне тоқталып, мән-маңызымен амалға асыру жайында имамдарға түсіндіріп беруде.
Алатау ауданына қарасты 10 мешіттің 20-дан астам имамдарымен азаншылары осы дәріске қатысып, білімін жетілдіруде.
«Алланың жолында жүріп, Жаратқанның разылығын алу үшін және дін жолында қызмет ету үшін қашанда имамдарға білім керек. Діни біліміміз жоғары болса, біздің жеткізіп жатқан насихатымыздан жамағаттарымыз өзге секталардың етегіне еріп кете алмайды. Сол үшін имамдарымыздың білімін арттыру мақсатында «Хадис негіздері» дәрісін бастаудамыз», - деді бас имам Дәуренбеков Орынбасар қажы алғашқы дәріс күні.
Сонымен қатар, «Бекет-ата» мешітінде күнделікті бесін және ақшам намаздарынан кейін жамағатқа наиб имамдар тарапынан түрлі тақырыптарда уағыз-насихат айтылып келеді. Бұл жұмысбасты жамағаттың сауатын арттырып қана қоймай рухани нәр алуына өзіндік әсерін бермек.
Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің баспасөз қызметі



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.02.2016
3283
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру