Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак университеті Батыс Қазақстан облысымен меморандумға қол қойды

22.02.2016 3547 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетіне биылғы түлектерге алғашқы болып БҚО Дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов пен басқарманың бас маманы Нұржан Стамбакиев қолқа сала келді. Яғни Нұр-Мүбаракты биыл тәмамдайтын студенттерді еліміздің батыс аймағына жұмысқа шақыра келген олар әуелі университет басшылығымен кездесіп, діни ахуалға қатысты ортақ түйткілді мәселелерді жан-жақты талқылап, арнайы  меморандумға қол қойды. Енді осы құжат негізінде қос тарап конфессияаралық қатынастар мен  өзара ынтымақтастықты  арттырмақ.

- Нұр-Мүбарак университетіне арнайы алғысымды білдіргім келеді.

Себебі, осы білім шаңырағынан түлеп ұшқан бірнеше маман біздің басқармаға, облысымызға келіп, өте нәтижелі жұмыстар жасау арқылы білімі мен біліктілігін көрсетуде. Ең бастысы, бір кездері  жат ағымдардың жетегіне ерген жамағаттардың бетін қайтарып, аймақтағы діни тұрақтылық үшін орасан еңбек етуде,-деп БҚО ДІБ басшысы Талғат Рақымұлы  өз лебізін білдірді.

Кездесу барысында оралдық делегация Нұр-Мүбарактың биыл бітіретін студенттерімен жүздесіп, ашық әңгіме жасады. «Біздің мақсатымыз дінге үгіттеу емес, дінді түсіндіру. Әрі елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай терроризммен күресеміз деп, дінмен күресіп кетпес үшін ел арасында исламды сауатты жеткізу шараларына ден қойып отырмыз »,-деген Талғат Рақымұлы  Орал аймағындағы діни ахуалға жан-жақты тоқталды.   

Ал Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, магистр Нұржан Стамбакиев дін саласы тұрғысында жұмыстардың ауқымды екенін, бір мезгілде бірнеше тараптан шақыртулар түсіп, барлығын қамтуға мамандардың жетіспеушілігі анық байқалатынын айтуда. «Қазақстанның кез-келген бұрышы отанымыз»,-деген Нұржан Жақсылықұлы қазір Орал өңірінде еңбек етіп жатқан жас мамандардың еліміздің әр аймағынан екенін жеткізді. Сондай-ақ, түрмедегі бас бостандығынан айрылған жазасын өтеушілер арасында жасалып жатқан жұмыс оң нәтижесін беріп, өзге аймақтардан тәжірибе алмасу мәселесі жөнінде де ұсыныстар түсіп жатқанға ұқсайды.

Ия, Ресейдің 5 облысымен шекаралас Орал аймағында еліміздегі ең алғашқы терроризм  ылаңының бұрқ етуі географиялық жағынан да заңды құбылыс. Шет аймақтағы ағайындарда Кеңес кезеңінде 3 мешіт болса, бүгінде олардың қатары  44-ке жеткен. Бірақ ондағы имамдардың тек біреуінің ғана жоғары білімі бар. Сырым ауданында сыр берген жат ағым жетегінде 20 адам бүгінде  жазасын өтеуде. Қазір Орал түрмесінде  ақпараттық түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде ата дініміздің мәнін түсінген жамағаттың қатары  100-ге жуықтаған.

«Егер өмірге қайта келсем, Нұр-Мүбарак университетінде білім алар едім»,-деген Талғат Нығметов  университеттің ел болашағы мен кемелдігі жолында атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап әрі оқу орын кешенін аралап шыққандағы әсерімен де бөлісіп өтті. Дінді дұрыс түсіну арқылы зайырлы қоғамның құндылығын бағалауға болатынын айтқан оралдық делегация биылғы үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған болашақ исламтанушыларға екі жақты, яғни мемлекеттік мекемелер мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  қарамағында мешіттерде еңбек етуге шақырды. Студенттерге нақты жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, баспана мәселесінің де оңтайландырылатындығына кепілдік берді. 

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру