Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде қайырымдылық шарасы болып өтті. Мешіт қызметкерлері жастайынан жарымжан атанып, жүріп-тұруы қиын 5 мүгедек жанға азық-түлікпен көмек берді.
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде өткен шара барысында асыл дініміз - исламдағы адамгершілік пен мейірімділік, обал мен сауап туралы уағыздар тыңдап, азық-түлік қоржынын алғандардың бірі – Мұнайлы ауданы, Маңғыстау -5 ауылының тұрғыны Айжан Қаржауова. 59 жастағы Айжан апа 20 жасында мүгедек атанған. 18 жастағы өрімдей қыздың жіліншік сүйегіне жара шығып, дәрігерлер бойжеткеннің бір аяғын кесуге мәжбүр болған. Міне, содан бері, тағдыр жолында талай қиындықты бастан кешірген ол денсаулығына байланысты тұрмыс құра алмапты. Жалғысбасты жан қазір тумаластарының үйінде тұрады.
«Шынымды айтсам, мұндай қайырымдылық шарасына бірінші рет қатысып отырмын. Жарымжан жандардың көңілін көтеріп, материалдық тұрғыдан қол ұшын беріп жатқан мешіт қызметкерлеріне алғыс айтамын. Алла разы болсын!», - дейді Айжан Қаржауова.
ІІ топтың мүгедегі Айжан Қаржауова басқа да денсаулығы нашар жандар секілді мардымсыз зейнетақыға қосымша, 9900 теңге жәрдемақымен күн көруге мәжбүр. Сондықтан барлығы да мешіт тарапынан азық-түлік түрінде көрсетілген көмекті қуана қабылдап, алғыстарын айтты.
«Исламдағы басты құндылықтардың бірі – бұл қайырымдылық болып табылады. Құранда «Алла жолында мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетеді. Алла береген, кеңпейіл, жазалауға асықпайды» делінген. Мал-мүлкін жақсылық пен қайырымдылық жолына жұмсаған адам мол сауапқа ие болады. Өйткені, қайырымдылық – жақсы қасиет»,-деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хаснияз.
Ақтау қалалық мешітінде өткен бұл алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Дін жолында адамдарды жақсылық пен игі істерге, имандылық мен адами қасиеттерге шақырған мешіт қызметкерлері тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар мен мүгедек жандарға қол ұшын беріп отырады. Мешіт имамы мұндай игі істердің Алла жолында әрқашан атқарыла беретінін айтады. Мешіт тізіміндегі мүгедек жандар мен көп балалы отбасыларына үнемі қалталы кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар тарапынан көмек беріледі.
Анар Шамшадинова,
Суретті түсірген Анар Шамшадинова
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.02.2016
4747
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру