ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмаларын өңірде жүзеге асыру, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасын» насихаттау бағытында Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Исламдағы әйелдің орны» тақырыбында басқосу жиын болып өтті.
Облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өткен алқалы шараға қала мешіттерінің бас имамдары, ұстаздары және шәкірттер, ақжаулықты аналар мен ақсақалдар өкілдері, дінтану пәнінің мұғалімдері қатысты.
«Қазақ халқы аналарды ардақтап келген. Ислам дінінің келуімен аналардың, әйелдердің мәртебесі көтерілген. Сондықтан исламда әйелдерді құрметтеу, қыз бала тәрбиесіне қатысты тамаша ғибратты хадистер бар. Бүгінгі жиында қыздар тәрбиесіне қатысты тағылымды ойлар айтылады деп сенем» деп атап өтті жиын басында сөз алған Өскемен қаласы «Мухаммади» мешітінің бас имамы Ибраһим қажы Қарнақбайұлы.
Бұдан соң дінтанушы Жанболат ислам дінің қазақ даласына таралу жайлы, Қожахметова Талшын исламдағы қыздар тәрбиесі туралы, шәкірт Қуаныш исламдағы әйел мәртебесі жайлы, Әбілдабекова Арман қазақ әйелдері хақында дәйекті баяндамаларын жасады.
Сонымен бірге жиын барысында қатысушылар мешіт ұстаздарына көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оларға лайықты жауап берілді.
Және де исламдағы қыз бала тәрбиесінен сыр шерткен бейне роликтер көрсетілді.
Жиынды облыстық «Халифа Алтай» мешітінің найб имамы Д.Қабидолдин қорытындылап, осындай шаралардың берер тәлімі мол екендігін айта келе, алдағы уақытта да көпшілікті қамтыған басқосулар жиі өткізудің маңызы жоғары екендігін айтты.
Жиынға қатысушылар тағылымды шарадан көп ой түйіп, ғибратты насихат алғандықтарын жеткізіп, осы игі бастама иелеріне алғыс білдіріп тарқасты.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.01.2016
3021
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру