Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінде Мәуліт оқылып, ардақты Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жамағат болып салауат айтылды.
ҚМДБ қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен ауданға қарасты мешіт имамдары жиынның қадірлі қонақтары болды. Сонымен қатар мешіт ақсақалдары мен ақжаулықты аналарымызбен қатар, мешіт жамағаттары да қатысты.
ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің менгерушісі Сансызбай Құрбанұлы жиылған жамағатқа «Алла Тағаланы және оның сүйікті елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) сүю» турасында, сондай-ақ «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы Орынбасар қажы Орынбайұлы жиылған жамағатқа Мәуліт мерекесінің қадір-қасиеті жайлы сөз қозғап, салауат айтудың сауабы жайында әсерлі уағыз-насихаттарын жеткізді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қиямет күнінде маған ең жақын болатындарың – ең көп салауат айтқандарың», – дейді. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әр сөзі мен ғұмырының әрбір сәті мұсылман үмметі үшін қашанда өмірлік өнеге, жақсылыққа жетелеген үлгі болып қала берері сөзсіз. Адамзаттың абзалы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өнегелі өмір жырын мешітіміздің қарилары мен мешіт шәкірттері оқып жеткізді.
Осы ұлық мерекеге орай «Бекет-ата» мешітінде жаңадан салынған ғимаратта 500 адамға арналған дастархан жайылып, ас берілді. Жиын барысында жамағатқа «Уақыф» турасында уағыз айтылып, пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырынан арнайы дайындалған бейне роликтер көрсетілді.
Мәуліт соңында еліміздің амандығына, дініміз исламның көркеюуіне дұға жасалып, жиылған көпшілікке мешітіміздің Бас имамы Орынбасар қажы Орынбайұлы келген қонақтарға ізгі тілегін айтып, жиылған көпшілік ризашылықпен тарқасты.
Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.01.2016
3403
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру