Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйелдер қауымына арнап Мәуліт дастарханын жайды (ФОТО)

25.01.2016 3705 0 пікір

Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде әйелдер қауымына арналған мәуліт мерекесі өтті.

Рабиғұл-аууал айының 12 жұлдызы - Пайғамбарлардың сұлтаны, Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с) өмірге келген күні. Бұл күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да сахабаларына өзінің өмір белестері жайлы әңгімелеп беретін еді. Осы бір ізгі амалдың заңды жалғасы ретінде күні бүгін мұсылман әлемінде Мәуліт мерекесі атап өтіліп келеді.

Бүгін, Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде өтті. Әйел жамағатына арналған мәуліт мерекесіне мешіттің бас имамы Жұманазар Садырханов арнайы қатысып, мәуліт оқыды. Сонымен қатар, мешітімізге аты берілген дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани атамыздың қызы Үкіжан қажы Сәдуақас қызы қазақ тілінде мәуліт жырын оқып, мерекенің мерейін асырды.  Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Жанат Есенкелдіқызы, «Достық» татар мәдениет орталығының төрайымы Низамутдинова Яннат қажы қатарлы сыйлы қонақтар мерекелік іс-шараға қатысып, мешіт қабырғасында ұйымдастырылған іс-шараның мән-маңызына тоқталып, Алла Елшісіне (с.ғ.с) деген ыстық лебіздері мен жүрекжарды сағыныштарымен бөлісті.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадис шәрифінде «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар» делінеді. «Әуелі Аят, Хадис сөздің басы» деп Хакім Абай атамыз айтқандай, бүгінде мешітімізде тәлім алып жатқан апа-қарындастарымыз арасында, «Пайғамбарлар мирасының» мұрагері болуға тырысып жүрген жандар аз емес.

Қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курсының шәкірттеріне «Пайғамбарымызға қатысты 111 сұрақ» атты кітаптан бір ай бойы дәріс жүргізген мешітіміздің ұстазы Әлия Аусағатова өз шәкірттері арасында Расулулланың (с.ғ.с) өміріне арналған білім сайысы өткізілді. Жүлдегерлерге мешіт тарапынан дайындалған арнайы жүлделер табысталды. Мерекеге жиналған қауым мешіт шәкірттерінің қарымына куә болды.

Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға қанша өлең-дастан жазылса да көптік етпейді. Қаншалаған іргелі туындыға тұздық боларлық өнегелі өмір сүрген ардақты тұлға жайлы жазылған өлеңдер аз емес. Кеш аясында Пайғамбар (с.ғ.с) өнегесін өзек еткен өлеңдер оқылып, Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с) өнегелі өмір жолдарынан арнайы баяндамалар жасалды.

Мерекеге қатысқан апа-қарындастарымызға ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы мақұлдаған діни әдебиеттер мен 2016 жылғы діни күнтізбесі сыйға берілді.

Кеш соңына қарай рухани жиынның өтуіне еселеп еңбек еткен, демеушілік жасап, жақыннан жәрдем берген қонақтарға мешітіміздің Бас имамы Жұманазар Садырхановтың атынан арнаулы алғыс хаттар тапсырылды.

sunna.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру