Күндердің сұлтаны болған әрбір қасиетті жұманы үлкен құрметпен қарсы алып, осы күннің құрметіне орай әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметінің бұлжымас қағидасына айналған. ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті 2016 жылдың алғашқы айында алдағы жұма күнінің құрметіне мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қоса мұқтаж болған 25 отбасыларға ұн, макарон, өсімдік майы, қант, күріш, қарақұмық, халва, шай, ет және басқа да азық – түліктер салынған қомақты пакеттер ұсынылды. Сонымен қатар қажет болған жандарға мүгедектің арбасы, жұмсақ жиһаздар табыс етілді. Өз кезегінде көмек алған азаматтар да мешіт ұжымына алғыстарын білдірді.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Нариман Ермекұлы өз сөзінде: «Мәшһүр Жүсіп» мешіті жанынан құрылған «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметі облыс бойынша әр түрлі бағытта қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Мешіттің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметі жыл басынан бері мүміндердің мерекесі болған жұма күнін мол-мол сауаптармен қарсы алу мақсатында екі аптада бір рет арнайы тізім бойынша мұқтаж болған отбасыларға және көп балалы аналарға азық-түлік пакеттерімен қоса демеуші-қолдаушылар арқылы жиналған киім-кешектерді үлестіреді. Өйткені біз орталық мешіттің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметтін тұрақты жүйеге келтірдік. Осы қызмет арқылы өткен 2015 жыл бойы барлығы 13 отбасына мың 275,020 теңге қаржылай, 610 отбасына 440,325 теңге көлемінде материалдық және азық-түлік көмегі көрсетіліп көпшіліктің алғыс-батасына бөленген едік. Бұл қызметті арықарай да қолдап отыратын боламыз»,-дейді «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Бас имамы Нариман Ермекұлы.
Мейірім мен рақымшылдықтан туындаған қайырымдылық атты асыл қасиет иесі болуға ұмтылып, бір Алланың ризалығын алуға тырысайық ағайын!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.01.2016
3578
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру