Адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) арналған, мұсылман баласы үшін мерейлі Мәуліт мерекесін атап өту үшін Қызылжардың қалың жұртшылығы облыс орталығындағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрына жиналды.
Мерейлі шара өз шымылдығын қасиетті Құран Кәрім аяттарымен ашылды. Екі дүниенің сардарының өмірге келген күнін мерекелеуді, оған салауат айтып, сансыз сауап жинауға келген бір төбе жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев құттықтады.
– Ислам дінінің уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық және тазалық. Көздейтін мақсаты – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баршамыздың ортақ Отанымыз – байтақ Қазақстанның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерінің, бағындырған биіктерінің басты себебі – бірлік деп атап көрсетті. Осынау шапағаты мол шуақты Мәуліт күні баршамызға Алланың нұры жаусын, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.
Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан сөз алған Нұр Мүбарак университетінің бөлім басшысы Рақымжан Әкімбеков пайғамбарымыз Мұхаммедтің өнегелі өмірінен өсиет айтып, ислам дінін таратуда көрсеткен көркем мінез-құлқы жайлы баяндады.
Шара барысында есімі елімізге белгілі әнші, сазгер Құрмаш Маханов діни тақырыпта әндер орындаса, облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжанов шырқаған «Жігіттерге өсиет» термесі жиналғандардың қошеметіне бөленді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері сахналаған Пайғамбар өмірінен көрініс жиналғандардың жанарына жас үйіріп, мерекенің мағынасын аша түскендей болды.
Бұл күні орталық мешітте Нұр-Мүбарак университетінің бөлім басшысы Рақымжан Әкімбековтің және облыстық діндер басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллиннің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында Нұр-Мүбарак университетінде оқып жатқан солтүстікқазақстандық түлектерді жұмыспен қамту мәселесі көтеріліп, аталмыш мәселенің шешімін табу жолдары қарастырылды.
Мереке соңында Алланың жердегі үйінде барша мұсылмандарға және облыс орталығының ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға мерекелік дастархан жайылып, ас берілді.
Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.01.2016
3517
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру