Мұсылман қауымы үшін ерекше саналатын мәуліт мерекесі елімізде биыл да кеңінен тойлануда. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Мұхаммед пайғамбардың туған күнін жер-жерде бір ай бойы атап өтеді. Бір жылдық жұмыстың есебіне ұқсаған Алматыдағы кеште діни әуендер шырқалып, рухани әңгімелер айтылды.
Биылғы мәуліт мерекесіне келген алматылықтардың қарасы қалың. Оларға жауған қар мен қолайсыз күн райы да кедергі болмапты. Келушілердің көптігін ескерген ұйымдастырушылар рухани кешті бір күнде екі мәрте өткізуді жоспарлаған. Дәстүрлі дінді насихаттап, адами құндылықтарды бағалауға шақыратын діни шараның жыл өткен сайын қадірі артып, тұрғындарды қызықтыруда. Жыл сайын мәуліт мерекесін асыға күтетіндердің бірі алматылық Шахида апай.
ШАХИДА САҒДОЛЛАҚЫЗЫ, Алматы тұрғыны:
- Отбасында бала-шағаға құлақтарына құйып, әрқашан түсіндіріп айтып отыру керек. Көздері, сана-сезімі кішкене күннен ашылса, мұсылмандық жолға, имандылыққа, олардың береке-бірліктері әрқашан жақсы болады.
Мәуліт мерекесі көпшілікті қайырымдылыққа шақыратын мейірімге толы сәт. "Информбюро" жаңалықтары түрлі қиындыққа ұшыраған, көмекке мұқтаж жандарды жиі көрсетіп, қайырымды жандардың назарына ұсынуды дәстүрге айналдырған. Діни басқарма өкілдері де мәуліт мерекесі қарсаңында 31 арна эфирінен көмек сұраған жандарға қаржылай көмек көрсетіпті.
НҰРБЕК ЕСМАҒАМБЕТ, Алматы Орталық мешітінің бас имамы:
- Қиын жағдайда жүрген отбасыларды журналистер бізге жеткізіп отыр. Мысалы, 31 арнадан үш бірдей отбасын көрсетті. Үш бірдей отбасына көмектестік. Одан бөлек, жетім балалар үйі, одан бөлек біздің мешітке келіп, бүгінгі күнге дейін көмек сұраған бірнеше отбасының барлығына 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Діни басқарма басшылығы Мәуліт кешіне сатылған билеттердің қаржысы түгелдей қайырымдылыққа жұмсалады деп уәде етті. Оған қоса, келген қонақтардың әр қайсысы рухани кешті тамашалап қана қоймай, бағалы сыйлық алып қайтты.
Жарас Ниязбек, Думан Сүлейменов.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.01.2016
4539
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру