Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Оған Алла да салауат айтады» атты рухани шара (ФОТО)

18.01.2016 3536 0 пікір

Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен қалалық Естай атындағы мәдениет сарайында адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың туылған айына орай «Оған Алла да салауат айтады» тақырыбында мәуліт мерекесі аталып өтті. Бұл  рухани шараға  қала басшылығы, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жалпы жамағаттар қатысты. Мәуліт мерекесіне келген көрермендер саны жылдан-жылға көбейіп, биылғы жылы мәдениет сарйының мың кісілі залы лық толды.

Іс-шара аясында жиылған жамағатқа, адамзаттың ардақты тұлғасы, сүйікті пайғамбарымыздың өмір жолын етене таныстырып, өн бойындағы маржандай көркем мінез-құлқынан, өнегелі өмірінен үлгі алып, Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиетін жамағаттың бойына сіңіру мақсатында арнайы жасалған мың дана бүктеме парақшалары және осы мерекеге орай облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің арнайы дайындалған нөмірі үлестірілді.

 Мәуліт кеші бүкіл өмірі өнегеге толы адамзаттың ардақтысы сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне  Ербол қари Отанханұлының Құран оқуымен  ашылды.

ҚМДБ-ның Жалпы және жастар бөлімінің басшысы А.Ұтысхан және облыстық өкіл имамы Нариман Ермекұлы мәуліт мерекесімен құттықтай келе  Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) қандай ізгі жан болғаны туралы уағыздар айтты.

Облыстық Ж.Аймауытов атындағы музыкалы-драма театры әртістері қойған «Ағайын» атты дін насихатындағы ғибратты оқиғаларға толы көрінісі(сценарийін жазған Қ.Шарманов) мерекенің мазмұнын байытып мәнін ашып, көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп ерекше әсерге бөледі.

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесі шәкірттері орындаған  Мәуліт салауаттары мен мадақтары, жиналған жұрттың жүрегін бір серпілтті. Сонымен  қатар Мәжит ақсақалдың домбырамен орындаған термесі, әнші Асылбек Бағлан және Сапарбекұлы, Нұржан Сарқамбаев, Оразбек Бақытханұлы, Серік Рысбек, Ерболат Аралбаев, Бауыржан Ахметов, Айдын Әбдіюсіпов, Муса Құтпановтардың орындаған иләһи әндері көрерменнің көңілінен шықты.

Жиналған қала жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты. Рухани шара соңында мешіт жанашырларына қалалық қажылар қауымдастығы атынан дастархан жайылып ас беріліп, еліміздің амандығына, дініміз исламның көркеюуіне дұға жасалып, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы келген қонақтарға ізгі тілегін айтып, жиылған көпшілік ризашылықпен тарқасты.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру