ҚМДБ-ның Атырау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Хазреті Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірге келген Мәуліт мерекесіне орай М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында "Пайғамбарға сағыныш" атты рухани шара өтті.
Тағлыымы мол шараға жиналған халықтың есебінде шек болмады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен сыр шертетін шараның шымылдығын облыстық Дін Істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы ашып, дүйім жамағатты айтулы мерекемен құттықтап, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының Алғыс хатымен ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлын марапаттады.
Кеште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мен Мәуліт оқылды. Сонымен қатар, осы рухани шараға арнайы Алматы мен Астана қалаларынан келген өнер иелері әнші Құрмаш Маханов, Сержанәлі Әлібек пен Бейбіт Кушкалиевтер иләһи әндер орындаса, "Өнер қырандары" театр ұжымы тәрбиесі мол қойылымдарымен көрермендерді бір серпілтті. Әсіресе, асыл жанның өмірінен сыр шертетін "Пайғамбарға сағыныш" деген қойылымы жамағатқа ерекше ұнады. Абзал жанға деген махаббат пен сағынышын арттырды. Қолдағы барға шүкіршілік етуге шақырған қойылымдары жиылған жұрттың көзіне жас ұялатты.
Үш сағатқа созылған рухани шараны ҚМДБ-ның Атырау облысының өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлы қорытындылап, "Құрметті арда ағалар, құрметті ақ жаулықты аналар, құрметті Атырау қаласының тұрғындары баршаңызға бүгінгі рухани кеш Мәуліт мүбәрак болсын. Жаратқан Алла Тағала баршаларыңыздың шаңырақтарыңызға береке берсін. Әрбір Алла деп алақан жайған дұғаларыңызды Жаратқанның өзі қабыл алсын",-деп құттықтай келе, Мәуліт мерекесінің дініміздегі орны туралы уағыз-насихатын айтты.
Тазалақшылар марапатталды
Алланың ақ үйін тазалап, жауапты да сауапты істі атқарып келе жатырған облысымызға қарасты мешіттердің тазалықшыларын Бас имам Батыржан Берденұлы Алғыс хат және әр қайсысын қаржылай 30 000 (отыз мың) теңгемен марапаттады. Мәуліт мерекесінде елдің ықыласына бөленіп, еңбектері еленіп жатырған тазалаушы апаларымызға өкіл имам "Еңбектеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық пен Жаратқанның ризалығын" тіледі.
Абзал жанды жырға қосты
Берер өнегесі мен тәлімі мол Мәуліт мерекесінде ақындарымызды қолдау да өкіл имамның назарынан тыс қалмады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұлықтау және жас ақындарды қолдау мақсатында облыстық "Пағамбарым-ардақтым" жыр мүшәйрасын ұйымдастырған болатын. Мүшәйраға отыздан астам ақындардың өлеңдері келіп түсіп, ішінен мықты деген бес ақынды өкіл имам марапаттады. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынға ие болған ақын Ерболат Қарақойшиевке 50 мың теңге, ІІ орын иегері Нұрбейбіт Аухаденұлы 30 мың теңге, ІІІ орын жеңімпазы Ғалымбек Мұстафаев 15 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығаларына байласа, ал Жәннат Жүнісова мен Ануар Садықов 10 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды.
"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.01.2016
3662
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру