Ислам күнтізбесі бойынша жыл басынан кейін үшінші келетін ай — Рабиъул-әууал айы Алла елшісі хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) дүниеге келген ай. Осынау мезгіл әлемнің кейбір елдері үшін ерекше саналады. Адамзаттың ардақтысы болған әз-Пайғамбарымыздың құрметіне орай бұл айда оның өмірбаяны мен бұйырған ізгі амалдарын еске түсіріп, күллі үмметке, әсіресе өскелең буынға үлгі-өнеге ету – үлкен тәрбиелік мәнге айналған, кейін келе қалыптасқан ізгі үрдіс. Һәм дін мен дәстүрдің астасқан айрықша түрі саналады.
Семей қаласы, Абай атындағы сазды-драма театрда әз Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) құрметіне арналған рухани-танымдық мәуліт кеші өтті. Семей аймағы өкілдігі ұйымдастырған осынау салтанатты шараға хақ пайғамбарды қадір тұтқан мерекелік шараға халық мол жиналды.
Рухани кешке қала басшылығы, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді Семей қаласының әкімі Ермак Бидахметұлына берілді. Қадірлі семейліктер, ардақты ағайын. Баршаңыз үшін мәуліт айы құтты болсын деп құттықтау сөзін жеткізді.
Мәуліт мерекесіне келген көрермендер саны жылдан-жылға көбейіп, биылғы жылы театр залы лық толды. Мерекенің мазмұнын байытып мәнін аша түскен Семей қалалық "Дариғай жастар театрының өнерпаздарының дін насихатындағы ғибратты оқиғаларға толы көрініс ретінде қойған актерлік шеберліктері көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп ерекше әсерге бөледі. Семей қаласының мешіт имамдарының айтқан Мәуліт салауаттары мен мадақтары, жиналған жұрттың жүрегін бір серпілтті. Абай театрының өнерпаздары айтқан діни әндері, термелері ұлтымыздың патриоттық әндері мерекенің әрін кіргізіп, жиналған көрермендерді қуанышты көңілге бөледі.
Осы мерекені ұйымдастырушы Семей аймағының өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы өз сөзінде: "Құрметті мұсылман қауымы Мәуліт мерекесі мүбарак болсын! Ұлық мерекеде Аллаға мадақ сүйікті Мұхаммед с.ғ.с Пайғамбарымызға салауат айту сауапты амал. Құранда да Алла Тағала: «Шынында Алла Тағала және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Ей мүминдер! Сендерде Пайғамбарға салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» — деп бұйырады және Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с хадисінде кімде кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Он қателігін сызып, он есе дәрежесін жоғарлатады деген.
Ал осынау ілтипатқа ізгі лебіз білдірген Алтыбай Мақсат қала мешіттерінің жамағаттары атынан, дін қызметкерлері атынан Абай театрында, дәл осындай кең көлемде рухани-танымдық кеш өткізуге қолдау жасағаны үшін қала әкімі Ермак Сәлімовке алғысын білдірді. Сондай-ақ өңіріміздегі Ислам дінінің қанат жаюына, өркендеуіне жағдай жасап, халық арасындағы рухани тұрақтылықтың сақталып, имандылықтың таралуына елеулі азаматтық үлес қосып келе жатқаны үшін Алғыс хат табыс етті.
Жиналған қала жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі










ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.01.2016
3295
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру