Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қыздар арасындағы білім сайысының жеңімпаздары анықталды (ФОТО)

26.12.2015 3629 0 пікір
«Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері арасындағы «Сеніміңе берік бол!» дәстүрлі Білім сайысының ақтық айналымы болып өтті. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның туылған айы Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған әйел шәкірттер арасындағы білім сайысының ақтық айналымына бес үміткер қатысып, өзара бақ сынасты.

Айта кетейік, сайыстың іріктеу кезеңіне «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсында дәріс алатын 208 шәкірт арасынан 60 адам қатысқан болатын. Тест сұрақтарынан жоғарғы ұпай жинаған бес үміткер бүгінгі ақтық сайысқа жолдама жеңіп алған еді. Бұл туралы мына сілтемеден толығырақ біле аласыздар!

Ақтық айналымға шыққан шәкірт қыздар бүгін жамағат алдында өздері таңдаған билеттер бойынша жауап қайтарып, діни сауаттылықтарының деңгейін байқатты. Сондай-ақ,  «Нұр-Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Жандос Айтбаев, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Асқар Мұқанов пен Руслан Қамбаров секілді білікті мамандардан құралған әділқазылар алқасының қосымша сұрақтарына да тұщымды жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша, Каринова Ләззатқа І-орын беріліп, 70 000 теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Ал, жүлде қоры 50 000 теңге болатын ІІ-орын Сах Әйгерімге бұйырды. Сайыстың ІІІ-орнына Жүкиева Жанар лайық деп танылып, 30 000 теңге сыйақыға ие болды. Ақтық сайысқа жолдама алып, іріктеу кезеңінен үздік шыққан қалған қос қатысушыға «Ынталандыру» сыйлығы беріліп, 15 000 теңге көлемінде сыйақы ұсынылды.

Айта кетейік, аталмыш Білім сайысы алғаш рет ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ер шәкірттері арасында ұйымдастырылған болатын. Мешітіміздің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен қолған алынған бұл игі шара алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру