Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне орай Ақтау қаласындағы қажы апалардың ұйымдастыруымен облыстық қарттар үйіне зиярат жасалды. Қарияларға арналып арнайы дастархан жайылып, оларға тәттілер мен жемістер, ыстық тағамдар ұсынылды. Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков сабырлық, шүкіршілік жайында уағыз айтып, қарттардың Ислам жайында білгісі келген сұрақтарына жауап берді. Қариялардың көңілін сергіту мақсатында арнайы әндер орындалды.
Дастарханнан тұрған соң, зияраттаушы қонақтар төсек тартып жатқан науқас қариялардың бөлмесіне барып, олардың хал жағдайын сұрасты. 25 сырқат қарияға қажы апалардың дайындаған сыйлықтары табыс етілді.
Қарттар үйіне бару үрдісін облыстық мешіттің әжелерден құралған жамағаты үзбей жасап келеді. Жақсыбике әже, Ұлдай әже, Ақерке, Маржан, Гүлнар, Алтын, Ақсырға, Қамаш, Ләйла, Айсұлу апалар қамкөңіл қариялармен сырласып, олардың мұң шерін бөліседі. Кейде тіпті бұйымтайларын да орындайды.
«Бұл кісілерге келіп тұруды міндетіміз деп санаймыз. Қартайған күнінде асыр салған немеренің шуын естіп емес, төрт қабырғада, тар төсек пен өлі тыныштықта жатамын деп кім ойлайды, Мұнда түрлі тағдыр бар. Бірін жетелеп баласы әкеп тастаса, бірінің балалары түгелдей қаза болып, басын тірейтін жан болмағасын осында кеп паналаған. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде деп айтатын жасқа келген қарттарымыздың Алланың алдында иманды боп баруын қалаймыз. Сырқаттанып жатқандарына кәлима үйретіп, намаз оқимын дегендеріне шарттарын түсіндіреміз», - Ұлдай әже.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.12.2015
3814
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру