Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тәуелсіздік – жалықпай айтар жырымыз!

17.12.2015 3515 0 пікір

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!

Оң қолын жүректерінің тұсына қойып, тебірене айтылған әнұран  Нұр-Мүбарак университетіне ерекше мерекенің аталып өтіп жатқанын бірден аңғартады. Күн сайын қасиетті Құран әуелеп, ғарышқа  жер бетіндегі жұлдыздай сәуле шашатын  бұл білім шаңырағы Тәуелсіздіктің тәтті жемістерінің бірі. Сондықтан Нұр-Мүбарак  университеті жыл сайын тәуелсіздік мерекесін ерекше атап өтеді.

«Туған жерге деген махаббат – бұл Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалған өнеге. Сондықтан бұл мерекенің жөні бөлек. Кім нені ерекше жақсы көрсе, сол үшін барлығына дайын болатыны белгілі. Ендеше сендердің туған елге деген махаббаттарың – Отан үшін барлық қиындықпен күресуге дайын екендіктің белгісі»,-деген ректор, профессор Жуда Абдулғани Басюнидің беташар сөзі жұртшылықты жігерлендіре түскендей.

«Бұл біз үшін ұлы мереке. Тәуелсіздік ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған  арман күн. Біздің өзіміз кешегі кеңестік саясатты көріп өскен буынбыз. Сондықтан бұл күннің қадірін ерекше түсінеміз. Қазір түрлі миссионерлік, жат діни  ағымға ерген жастар «Отан» деген қасиетті ұғымның қадіріне жетпей, елін, ата,ана,туыстарын тастап кетіп жатқаны өкінішті. Сіздерге  айтарым, осы Алла берген сыйды бағалап, жақсылап білім алыңыздар. Еліміздің ертеңі сіздерге байланысты»,-деп жүрекжарды лебізін білдірген проректор, профессор Шамшәдин Керімнің  ұстаздар қауымын да, студенттерді де қуантарлық жаңалығы баршылық екен. Жақында университеттің өз мини-спорт алаңы болады деген жаңалық жігіттер жағын ерекше қуанышқа бөледі. Жыл соңында университет және жатақханаға қатысты игі шаралармен қатар, жуырда ғана өткен студенттер арасындағы ғылыми-конференция жеңімпаздарын, жатақханадағы «ең үлгілі» бөлме тұрғындарын марапаттау мерекенің мәртебесіне үн қосқандай.  Тәуелсіздік мерекесіне арналған  екі күндік демалыста Университет атынан жайылатын дастархан жайлы жаңалық студенттерді тіпті қуантып жіберді.  

Осынау мерейлі күнде студенттер де жырдан шашу шашып, күмбірлеген күй шертті. I  курс студенті  Бекарыс Мухиддин  тәуелсіздікке арнап өз өлеңін тебірене оқып берді:

Қазақтың Тәуелсіздік алғандығының,
Өшпес от – алау жанғандығының,
Ұлы елде ұлы адамдар арқасында
Қазақтың қазақ болып қалғандығының. 

Балақ жыртық, заман жоқ етік тілік,
Ел көркейттік, көп оқып, жетік біліп,
Ұят болар халқымызды көтермесек,
Ғасырлар бойы аңсаған осы арманға,
Жиырма жылдың ішінде жетіп тұрып, - деп Отан алдындағы азаматтық  парызын аңғартты.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің қадірі жайлы қойылыммен қатар 1986 жылғы  желтоқсан күндерінің ызғары жайлы бейнеролик те жастарға ой салып, тәуелсіздіктің қадірін арттыра түсті.

Еркіндігім. Қасиетім. Қастерлім!
Өзің барда өзегімде жоқ шер, мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік, қош келдің! - деп, осындай аңсаған ақ таңның мерекесімен құттықтап келген «Құрманғазы» атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттерінің шерткен күйлері, орындаған термелері бүкіл көрермендерге рух беріп,  сұлу мәдениеті мен көркем әдебиеті, салиқалы салт-дәстүрі мен  тағылымды тарихы бар дала үнін құлаққа тұндырып, көзге елестеткендей.

Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын,
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі! - деген жыр жолдарынан шашу шашылған мереке жастарға жаңа шабыт сыйлағаны сөзсіз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру