Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имам маңызды бастама көтерді

15.12.2015 3248 0 пікір

Өскемендегі «Достық» үйінде ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлының бастамасымен Шығыс Қазақстан облысының діни бірлестіктер клубы басшыларының кезекті отырысы өтті.

Мұнда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа жолдауы талқыланды.  Алқалы жиынға Облыстық дін істері басқармасының басшысы М.Мұхаметжанов пен мамандары, облыстағы діни бірлестіктердің жетекшілері, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, имамдар мен мешіттердің қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының басшысы бастама иесі Ермек қажы Тасболатұлына сөз берді.

Ермек қажы Мұқатай: «Елбасымыздың жолдауын насихаттау, оған қолдау білдіру біздің басты міндетіміз болып табылады. Бүгінгі таңдағы әлемдегі қаржылық дағдарыс еліміздің экономикасына да өз әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты рухани дағдарыстың алдын алу біздің ең басты міндетіміз. Осынау кезеңде халықты сабырға шақыру, ұлттар достығын, діндер тұрақтылығын сақтау барлығынан да маңызды. Сондықтан Елбасы жолдауын насихаттау және қолдау аясында еліміздегі барлық банк секторына үндеу жариялау жөн деп санаймын. Себебі халықтың көпшілігінің дағдарыс әсерінен кірістері азайып, жұмыс орындары қысқарған кезде олардың банктерден алған несиелерін төлеуде біршама қиындықтар болуда. Сондықтан банк саласы азаматтарға кешіріммен қарап, оларды тығырыққа тіремеу, өмірден күдер үзуге итермелемеу қажет. Мұндай оқиғалар қоғамда кей-кейде көрініс беріп тұрғандығы жасырын емес. Бізге қашанда ел іргесінің бүтіндігі мен байлықты жасаушы адамдардың аман саулығы керек. Құран кәрімде Алла Тағала адам баласына сабырлылық пен кешірімділікті міндет еткен. Сол үшін банк секторы қарызы бар халыққа түсіністікпен қараса деген ниетпен осынау үндеуді жолдауды жөн деп көріп отырмын» дей келе, басқа да діни бірлестік жетекшілеріне, ақсақалдар өкілдеріне бұл бастаманы қолдауға шақырды.

Жиында діни бірлестік басшылары және  ақсақалдар  мұндай құнды бастаманы қолдайтындықтарын айтып, салиқалы ұсыныстар білдірді. Жиынға қатысушылар Ермек қажы Мұқатайдың бастамасымен еліміздегі барлық банк саласына, коллекторлық компанияларға арнап үндеу қабылдады.

 «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру