Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылтөбе ауылында жаңа мешіт ғимараты ашылды

14.12.2015 4388 0 пікір

Тәуелсіздік күні қарсаңында Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылында жаңа мешіт ғимараты пайдалануға берілді. Бұрынғы жүз адамдық ескі мешіт ауласынан жаңадан бой көтерген имандылық үйінің ашылу салтанатына Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев пен облыс имамы С.Сейтбеков қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жиналған жұртшылықпен бірге аудан әкімі мен облыс имамы мешіт ауласына көшет екті. Мұнан соң жаңа мешіт алдында Әли Қазақ қасиетті Құран аяттарын оқыды. Аудан әкімі Н. Тәжібаев өзінің құттықтауын арнап, мешітке сый жасады. Облыс имамы С.Сейтбеков демеушілерге Алғыс хат беріп, олардың көмек қолын созған ынталы көңілдеріне ризалығын білдірді. Жаңа мешіттің ашылу рәсімінде лента қиюды Сейсен Боқыбаев есімді ақсақал атқарды.  Қария осы Қызылтөбенің ескі мешітінің жер орнын Кеңес үкіметі кезінде Москваға барып рұқсат сұрап алған екен. Дінге тосқауыл қойылған тұста  имандылық  ісін дәріптеген ақсақал бүгінде 80 жаста. Өзінің бір кездегі еңбегі еш кетпей, сол орыннан бүгінде жаңа мешіттің жаңа күмбезі жарқырап тұрғанына елжіреп қарайды.

Мешіт ішіне енген халық Аллаға шүкіршілік білдіріп, жамағат болып намаз оқыды. Жұма күнге тұспа тұс келгендіктен өкіл имам жиналған жұртшылыққа ел тыныштығы мен ынтымағы туралы, егемендікті сақтау жайында уағыз айтты. Бұл күні жаңа мешітте ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған боздақтарға Құран бағышталды.      

Құрылысы 2013 жылдың аяғында басталған жаңа ғимарат 400 орынды, 2 мұнаралы, ерлер және әйелдердің намаз оқитын бөлек залы, кітапханасы бар. Жаңа мешіттің бойын тіктеуіне мешіт имамы Айғабыл Шаденовтің жұмсаған қажырлы еңбегі мен сауапты іске кәсіпкерлерді тартып, олармен қоян қолтық жұмыс істеуінің нәтижесінде жүзеге асты.

Жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде мешіттердің жаңартылып, үлкейтілуі қолға алынып келеді. Барлық имандылық үйлері исламның қанат жаюына үлесін қосып жүрген еріктілердің көмегімен салынып жатыр.  

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру