Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьен мырза елшілік қызметкерлерімен бірге қасиетті жұма күні Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде болды. Елші мырзаны ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы қарсы алып, күмбезі күмбірлеген сәулетті мешітті аралатып, таныстырды. Франсис Этьен мырза Өскемендегі осынау әсем мешіт туралы, жұма уағызы жайлы жалпы ислам әлемі хақында қызықтаған сұрақтарын қойып, өкіл имаммен емен-жарқын әңгіме өрбітті.
«Ислам діні халықтар арасындағы достық пен бірлікті уағыздайды. Елімізде ұйыған тыныштық пен діндер арасындағы татулық, ислам құндылықтарының орнығуы және сіздердің мемлекеттеріңізбен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуы Елбасымыз Н.Назарбаевтың дана саясатының арқасы. Бүгінгі таңда ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен жұма уағызы Қазақстандағы барлық мешіттерде бірізділікке түскен. Атап айтсақ біз бүгінгі уағызда еліміздің Тәуелсіздігі туралы айттық. Отанымыздағы ислам дінінің бүгінгі жетістігі Алланың халқымызға сыйлаған тәуелсіздігінің жемісі» деп атап өтті өкіл имам, өз сөзінде. Сонымен қатар ол исламның лаңкестікпен ешбір байланысы жоқ екендігін айта келе, өткен айда Парижде болған лаңкестік әрекеттерге байланысты елшіге көңіл айтты.
Өзара жүздесуде Франция елшісі таяу болашақта бірлесе отырып, екі ел имамдардың өзара тәжирибе алмасу сапарларын ұйымдастыру идеясы туындағанын да жеткізді. Өкіл имам мұндай құнды ұсыныстың ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің келісімімен жүзеге асатындығын білдірді.
Елші мырза исламға деген құрметін білдіріп, бүгінгі күні осынау ғажайып мешітте болғандығына қуанышты екендігін айта келе, екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалап, бұдан ары да тың серпінмен жалғаса беретініне сенім білдірді. Және қонақжай қазақ халқына, риясыз әңгімесі үшін Ермек қажы Тасболатұлына шын ниетпен алғыс айтты.
Сонымен қатар құрметті қонақ ақшам намазының азан шақыру сәтінің куәсі болды.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.12.2015
3317
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру