Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсында оқитын шәкірттер арасында ұйымдастырылған «Сеніміңе берік бол!» атты білім сайысы өз мәресіне жетті. Іріктеу кезеңіне қатысқан 110 шәкірттің ішінен суырылып шыққан алты үміткер бүгін сайыстың Бас жүлдесін сарапқа салып, білім жарыстырды.
ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен ҚМДБ-ның Жалпы және Жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, Muslim.kz порталының діни сарапшысы Руслан Қамбаровтар қазылық еткен ақтық сайыста шәкірттер билет таңдап, берілген сұрақтар бойынша жауап қайтарды.
Естеріңізге сала кетейік, сайыстың іріктеу кезеңі 4-желтоқсан күні өткен болатын. Шәкірттер білімі ҚМДБ-ның Ғұламалар Кеңесінің мүшесі Смайыл Сейтбековтің «Иман негіздері» кітабы бойынша түзілген тест сұрақтары арқылы сарапқа салынған еді. Іріктеу кезеңінің қорытындысын мына сілтемеден көруге болады.
Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл сайыс жастарымыздың діни сауаттылығын арттырып, иман негіздері мен төл мәзһабымыздың ерекшеліктерін үйретуге ғана бағытталып қоймай, шәкірттерді кітап оқуға дағдыландыру мақсаты да қамтылып отыр. Осы орайда шәкірттерге «Иман негіздері» кітабы бір ай бұрын таратылып берілген болатын.
Аталмыш кітап бойынша тыңғылықты дайындалған шәкірттердің қай-қайсысы да ақтық сайыста қазылар тарапынан қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, діни сауаттылықтарын дәлелдей білді. Жүлде қоры 100 000 теңге болатын бас бәйгенің бірінен-бірі өткен білімді жастардың қайсына бұйырар анықтау әділқазылар алқасына да қиынға соқты.
Дегенмен, жинаған ұпай сандары негізінде сайыстың бас жүлдесін Шерханов Ерлан иеленсе, жүлделі ІІ-орынға (70 000тг) Дулығалиев Жомарт лайық деп танылды. Ал, жүлделі үшінші орынға Малқаждаров Сұлтан табан тіреп, 50 000тг жүлдеге қол жеткізді. Қалған қатысушыларға 20 000 тг көлемінде ынталандыру сыйлығы табысталды.










ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.12.2015
3578
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру