Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егеменідк ұстанымдарын биікке көтеретін күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзыммен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген зор мақтаныш сезімін әкелетін осынау мереке күні қарсаңында «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің «Жастар» бөлімі және С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана аясында құрылған «Өркен» студенттер клубы «Тәуелсіздікке тағзым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталмыш кездесуге ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын, қоғам қайраткері, Павлодар қаласының құрметті азаматы Арман Қани, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің «Жастар» бөлімінің меңгерушісі Айбек Оралқанов қатысты.
Жиын барысында колледж студенттері әзірлеген бағдарлама бойынша «Желтоқсан оқиғасына» байланысты бейнефильм көрсетсе, Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледждің 3-курс студенті Қапар Салтанат баяндама жасаса, жас студент ақындар – Серікбол Сейіл, Өмірхан Сұңқар азаттыққа арнаған арнау өлеңдерін оқыды.
Өкіл имам Нариман Ермекұлы: «Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды алдымызға қойып отыр. Ата-бабаларымыздың жүрегінде тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр»-дей келе, «Отанды сүю – иманнан» тақырыбында насихат айтты. Сөз арасында облыстық кітапхананың директоры Шолпан Баянқызына Тәуелсіздік мерекесіне орай ҚМДБ-ның филиалы «Мәшһүр Жүсіп» мешіті атынан «Құттықтау хатын» табыстады.
Жиын соңында «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің жастар бөлімінің меңгерушісі Айбек Тілеубекұлы «Өркен» клубының жетекшісі болып тағайындалды.
Тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан кешірсе де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі нығая берсін, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.12.2015
3877
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру