Нұр-Мүбарак университетінің исламтану мамандығында білім алушы бірінші курс студенттері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетіндегі мұражаймен танысты. Нұр-Мүбарактың Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі Маржан Жолмағанбетова «Экология және тұрақты даму» пәнінен академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында болашақ исламтанушыларды еліміздің фауна, флорасымен жақынырақ таныстыруды мақсат еткен. Өйткені Ұлттық университет мұражайында Қазақстанның экологиялық жағдайы, қорықтар, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алатын кең байтақ жеріміздің алуантүрлі биологиялық жағдайы қамтылған. Солтүстігінде қақаған қыс болып жатса, оңтүстік аймақта жайма-шуақ ауа-райы бар ғажап мекеннің табиғаты да таң қаларлық. Оның барлығы да Алла Тағаланың шексіз құдіреті мен шеберлігінің дәлелі екендігін айқын түйсінуші Нұр-Мүбарак студенттерінің де алғысы шексіз.
Орта мектептен кейін құрылыс колледжін оқып, одан Сарыағаш медресесінде шариғат ілімімен танысып, биыл Нұр-Мүбарак университетінде студент атанған Ғалымбек Дощанов оқу орнына дән риза. Себебі медреседе тек діни бағытта білім алсақ, Нұр-Мүбарак университетіндегі пәндер біздерді қоғаммен жақындатып, тарихымызбен тереңірек таныстырып, экономика, экологиялық мәселелерге жан-жақты сауатты қарауға жол ашуда. Ал бүгін «Экология және тұрақты даму» пәнінің аға оқытушысы Маржан ұтсаз Ұлттық университет мұражайынан еліміздің табиғаты, биоалуантүрлілігі жағынан жақынырақ таныстыра түсті. Қоршаған ортамыздың өзі қандай ғажап»,-деп дән риза.
«Табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау адам баласына жүктелген міндет. Өйткені Ислам тазалыққа шақыратын дін. Қасиетті Құранда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде тазалықтың маңыздылығы жайында айтылған. «Тазалық – иманның жартысы» (Мүслім) деген хадис соның бір айғағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбін нәжістеп, ластамау керектігі жөнінде сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!», – дегенде, олар: «Я, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?», – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», – деген екен (Мүслім). Негізінде мұсылман – бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес, дұрыстаушы, зиян келтіруші емес, пайда әкелуші»,-дейді студенттер.
Осылайша Қазақстанның тілсіз болса да айтары көп әлемімен танысып қайтқан болашақ исламтанушылар дүниетанымын кеңейте түсті.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.12.2015
3701
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру