Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам мен экстремизм егіз емес

07.12.2015 3915 0 пікір

«Сүлейман Демирал» университетінде ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша өкілі, «Қарасай батыр» мешітінің Бас имамы Нұржан Манапбаев оқу орнының шәкірттерімен және облыс жастарымен кездесіп семинар тренинг өткізді.  

Жастармен кездескен өкіл имам: - Өкінішке қарай, қазіргі таңда қой терісін жамылған қасқыр іспетті дін атын жамылып жүрген неше түрлі діни ағымдар асыл дінімізге күйе жағуда. Шын түсінген адам Ислам дінін бейбітшілік діні деп қана ұғады. Өйткені, біз яғни, мұсылман баласы бір-бірімізбен қауышқанда әуелі «Ассаламуғалейкум!» деп амандасамыз. Ал осы сөздің түп мағынасын зерттеп, тереңіне үңілсеңіз түбірі арабтың  «силм» яғни бейбітшілік  пен есендік деген сөзінен шығады. Осылай амандасу арқылы біз өзіміздің бауырларымызға Алланың сәлемі мен есендігі, рахымы болсын деп тілеп, соған амал етеміз. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде: «Мұсылман кісінің қолы мен тілінен өзгелер есендікте болады», - деген. Біздің дін бейбітшілікті насихаттап, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыратын дін.  Тіпті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)  мүшріктермен, кәпірлермен соғысқан уақытында, өзінің әскерлерін соларға аттандырғанда: «Мен сендерге Алла Тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтануды, жандарыңдағы мұсылмандарға жақсы мәміле жасауды және оларға жақсы көзбен қарауды ұсынамын. Алла Тағаланың жолында Оның есімін айтып соғысыңдар. Олжаға түскен заттарға қиянат жасамаңдар. Келісімге опасыздық жасамаңдар. Балаларға тимеңдер. Ол жерде христиандардың шіркеулерінен адамдардан бөлініп, өздерін құлшылыққа арнаған кейбір адамдарды көресіңдер оларға тиіспеңдер... Сендер әйелдерді, қарт адамдарға қиянат жасамаңдар. Ағаштарды өртемеңдер, кеспеңдер. Үйлерді қиратпаңдар!», - деген.

Ал өзін «Ислам мемлекеті» деп жариялап алған әлгі содырлардың істеген іс-әрекеті, бейнкүнә адамдарды өлтіруі мұсылмандыққа жат дүние. Өйткені, қасиетті Құранда Алла тағала біздерге «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» деген.  Осы аятты ұғынған адам әлгіндей опасыздыққа бармас еді. Керісінше өз дінін сақтап құрметтеу үшін және өзгеге құрметті ету үшін жан-тәнімен дінге беріліп ешкімге зиян тигізбеуге тырысар еді. Асыл дініміз адам былай тұрсын хайуанның өзіне қиянат жасауды хош көрмейді. Ал өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялап алып, әлемге жар салып жүрген әлгі топтар Ислам діні үшін  күресіп жүрген жоқ, өзгенің мүддесі үшін күресіп жүр. Сөйтіп, өзгенің арбауына ілініп, Алланың аманаты еткен өз өміріне өзі балта шауып, өздеріне қол жұмсауда - дей келе жастарға экстремизм  мен Исламның егіз ұғым емес екенін түсіндіріп, сұрақ-жауап ретінде бірнеше сағатқа созылған семинар тренинг болып өтті.

ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша Баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру