Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе облысына жаңа өкіл имам тағайындалды

28.11.2015 5561 0 пікір

Ақтөбе шаһары еліміздің рухани өміріндегі дәрежесі мен мәртебесі биік өңір. Бұл өңірдегі тұғыры биік, сәулеті мен сымбаты жарасқан имани орда «Нұр-Ғасыр» мешітінің орны ерек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысында көрсетілгендей өкіл имамдар діни қызметтің жергілікті жердегі жоғарғы лауазым иесі болып табылады. Аталған өкіл имамдарымыз 4-5 жыл көлемінде бір аймақтан келесі бір аймақтарға ауысып, дін саласына жаңа серпін, жаңа ой мен жаңаша пікір алып келетіні белгілі.

Осы жағдайға байланысты Ақтөбе облысында 5 жылдың көлемінде қызмет атқарып, келелі ойлар мен нәтижелі жұмыстардың ұйытқысы бола білген Әбдімүтәліп Қайназарұлы Бас мүфтидің бұйрығыменен республика көлеміндегі медресе жұмысын жандандыру мақсатында «Ақтөбе» медресесінің директоры болып ауысты. Ал, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне Шығыс Қазақстан облысында өкіл имам болып қызмет атқарған Нұрлан Асанов тағайындалды.

Нұрлан Байжігітұлын Ақтөбе жұртшылығына таныстыру үшін ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласы «Хазрет Сұлтан» атындағы мешіттің Бас имамы Серікбай қажы Ораз арнайы келді. Наиб мүфти мен өкіл имамдарды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев қабылдады.

Облыс әкімі Әбдімүтәлі Дәуренбековке алғыс білдіріп, облысымыздың діни ахуалын дамыту жолында атқарған ерен еңбектерін айта келе, жаңа келген өкіл имамның ісіне толассыз табыстар мен береке тіледі.

Кейін, наиб мүфти Серікбай қажы Ақтөбе облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің жамағатымен жүздесіп, жұма уағызын жүргізіп, көпшілік қауымның өзекті сауалдарына жауап берді.

Содан соң, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Серікбай қажы Ораз Дәуренбеков Әбдімүтәліп Қайназарұлына ерекше ризашылығын білдіре:

«Ақтөбе өңірінің діни ахуалымен жақсы таныс, аймақтың әрбір түйіткілді мәселесін тереңінен түсіне алатындықтан Әбдімүтәлі Қайназарұлын өзге аймаққа ауыстырмай, осы жергілікті жерде қызмет жолын жалғастыру үшін «Ақтөбе» медресесіне ауыстыруға Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажұлы шешім шығарды. Сондықтан, Дәуренбеков мырза әлі де Ақтөбе облысында дініміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек ететініне сеніміз мол», — дей келе, Хазреттің бұйрығымен Ақтөбе жұртшылығына жаңа өкіл имам Нұрлан Байжігітұлын таныстырып, жамағат алдында имамдарымыздың қызметтеріне жеміс тіледі.

Дін басыларымыздың елеулі еңбектері халық алдында риясыз ықыласқа бөлене берсін деп, Берік Үргенішбаев ақсақал бата берді.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру