Нұр-Мүбарак университетінде бірінші курс студенттерін ғылымға баулу мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі VI ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда алғы сөз сөйлеген проректор, профессор, доктор Шамшәдин Керім: «Біздің ең қымбат байлығымыз – тәуелсіздік. Біз соны бағалай білуіміз керек. Қазір еліміздегі ең белсенді иманды жастардың 80% Алматыға шоғырланған. Сондықтан өздеріңе деген үмітіміз де зор. Ал бүгінгі конференция сендерді болашаққа, ізденіске жетелеп, ғылымға барар жол сілтемек. Өйткені мұндай шаралар студенттерге қозғаушы күш, жаңа серпіліс беретіндігін тәжірибеден білеміз. Құрметті студенттер, сендер де бүгін үйренбесеңдер, ертең уақыт оздырып аласыңдар.
Қазір ислам діні ТМД елдері аумағында едәуір күшке айналып келеді. Еуропада да мешіттер көбейіп, ислам дініне деген бетбұрыс артуда. Енді 10 жылдан кейінгі жағдай мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан сіздерге заман талабына жауап беретін жақсы маман, ғалым болуларыңа тілектеспіз. Ал биылғы жыл Ислам ынтымақтастығы ұйымының шешімімен Алматы қаласын ислам мәдениетінің астанасы деп жарияланған болса, бұл біздің студенттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция да сол іс-шараға қосып жатқан үлесіміз деуге болады»,-деп жастарға сәттілік тіледі.
Студенттер арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырушы Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Тұрлығазы Медеуов: «Биыл сенедер бірінші баспалдақтасыңдар. Болашақта сіздерге курс жұмысы, түрлі тақырыптағы реферат, өздік жұмыстар, диплом жұмысын жазу керек. Сондықтан осы кезден білімдеріңізді ғылыми ізденіспен ұштастыра берсін деген ниетпен биыл алтыншы жыл қатарынан осы конференцияны өткізіп отырмыз»,-деді.
Студенттер де бұл конференцияға айрықша дайындық, ерекше жауапкершілікпен келгені алғашқы баяндама оқыған студенттен байқалды. Олар тек баяндамамен шектелмей, қосымша көрнекі слайд жасап, жалпы қатысушыларға мәліметті жан-жақты түсіндіруге жағдай жасаған.
Жалпы 19 студент баяндама әзірлеген. Тақырыптары: «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы рухани мәдениет», «Тәуелсіздік жылдарындағы рухани мәдениетке кереғар ислами ағымдардың әсері», «Ұлттық әдет-ғұрыпқа Ислам дінінің әсері», «Ислами бағыт – ұлттық тәрбиенің кепілі» т.б. Яғни тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің рухани саладағы ерекшеліктері, салт-дәстүр, дін, тіл, ұлттық құндылықтардың қоғам өміріндегі
маңыздылығы жан-жақты сараланды. Тіпті кей студенттер қазіргі қалта телефонының мүмкіндігін пайдаланып, көпшіліктен бейнесауалнама да жасаған.
Енді студенттердің жасаған зерттеулерінен мәліметтер келтіре кетсек, діни экстремистік топтардың ғаламторды пайдалануына тоқталған Қайнар Базарханның өз баяндамасында 1998 жылы экстремистік ұйымның 10 шақтысында ғана ғаламторлық сайты болса, 2014 жылы ол 10 000-ға жеткен.
Қазір еліміз әлемнің 144 мемлекетінің арасында ғаламтор пайдаланудан 58-ші орында. Ел тұрғындарының 70% ғаламторға байланса, оның 37 % 15-24 жас аралығындағылар. Бағамдасақ, ғаламторды тиімді мақсатта пайдаланатындар қаншалықты? Ол жағы белгісіз. Тіпті ғаламторға шырмалып, уақытын босқа өткізіп жатқандар қаншама. Осындай бүгінгі қоғамдық дерттер мен ұлттық құндылықтарды құрдымға жіберетін мәселелерді ортаға салған студенттер қоғамды сауықтыруға қатысты өз ұсыныстарын да жасады.
Студенттердің жұмысын жан-жақты саралаған сарапшылар тарих ғ.д. Тұрлығазы Медеуов пен тарих ғ.д., доцент Эльмира Қырықбаева ханымның бағасына сәйкес үздік баяндама иелері анықталды.
1 орын: Нұрсұлтан Сұлтанғалиев «Ислами бағыт – ұлттық тәрбиенің кепілі»,
Фарида Айтжан «Кеңес үкіметі тұсындағы және қазіргі кездегі ислам»;
2 орын: Нүркен Ділмұханов «Тәуелсіздік жылдарындағы рухани мәдениетке кереғар ислами ағымдардың әсері»,
Әмина Жағыппар «Мәдениеттер тоғысындағы қазақ тілі»;
3 орын: Базар Қонқай «Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу – қоғамның талабы»,
Асқат Сләмақын «Қазақ халқының салт-дәстүріндегі құндылықтар».
Барлық жеңімпаздарға мақтау қағазы, арнайы сыйлықтар табыс етілді. Бұл конференцияда студенттердің тек ғылымға, ізденіске ұмтылысы ғана емес, сөз саптау өнері мен тұлғалық қабілетінің де қалыптасатыны байқалды. Яғни студенттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция расымен жастарға серпіліс берді.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.11.2015
4887
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру