Алматы қаласы Наурызбай аудандық Қарағайлы мешітінің Бас имамы, білікті теолог Ермек Көкірекбаев Жамбылұлы Атырау облысына арнайы іс-сапармен келіп кетті. Іс-сапар барысында «Руханият – ұлттық тұтастықтың кепілі» тақырыбында облыс көлеміндегі бірқатар білім беру мекемелерінде кездесу өткізген дінтанушы медресе мен мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ы мекемесі және «Дина» сауда орталығында жұмыс жасайтын намазхандармен, Атырау облысы ҚАЖ департаментіне қарасты УГ-157/9 ерлер түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан қандастарымызбен жүздесті. Және «Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасы «Иман нұры» діни-танымдық телебағдарламасында қонақта болып, «Дұға – сүннет, бата – салтымыз»тақырыбы аясында тікелей эфирге шықты.
Жалпы 16-24 қараша күндері өткен игі шаралар Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Ислам діні – бір ұлт қана емес, күллі адамзатты бірлікке шақыратын дін. Мемлекет құрушы дін. Оның айқын мысалы – халқымыз XV ғасырда бір тудың астына бірігіп, елдік жолына бет бұрған кезде-ақ мұсылман еді. Сайып келгенде, қазақ хандығының 400 жылдық тарихында қазақ елдігінің негізі қаланды. Содан бері қазақы қалпымыздан айныған емеспіз. Ендеше, «Мәңгілік елдік» идеясымен астасқан осындай асыл дінімізді мойынсұнбай, Ислам дініне қарсы келу, ағымға бөліну – тарихымызды тас-талқан ету. Бұл ретте дін-діңгегіміздің көмекке келер тұсы көп.
Міне, аудан, ауыл тұрғындарына осы тұрғыда уағыз-насихат айтқан білікті әріптесіміз ауылдардағы діни жағдайдың мүшкіл екенін көзімен көріп қайтты. «Мұның бәрі халықты діни сауаттандыруда тек облыс орталықтарына баса назар аударып, ауылды естен шығарып алудан туындап отыр. Сол себепті ауылдарды жат ниет, теріс пиғылды жат ағым өкілдері жайлап алған. Алдағы уақытта мұны ескермесек, қазақылықтың қаймағы болған ауылдарымыздың көзден бұл-бұл ұшпасына кім кепіл? Олай болса, елімізге танымал белгілі дінтанушылар облыс аумағынан ат басын бұрмай, ауыл-ауылды аралап, діни тұрғыдан төніп тұрған осынау қауіптің алдын-алу керек», – деді Ермек Жамбылұлы іс-сапардан алған әсерін қорыта келіп.
Іс-сапар соңында қор ұжымы шындығында да мұның ескерерлік есті пікір, ойланарлық орынды ұсыныс екенін айтып, алыстан ат арытып келіп бірқатар игі шараларға қатысқан исламтанушыға ризашылық сезімдерін білдірді.
"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.11.2015
3417
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру