Жас ғалымдарға арналған «Хабаршы» ғылыми журналының дінтану сериясы жарыққа шықты. Осыған сәйкес редакция алқасы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне арнайы келіп тұсаукесер өткізді. Бұл ғылыми журналдың ерекшелігі онда тек дінтану саласында ғана емес, болашақ исламтанушы ғалымдар да өз зерттеу мақалалаларын жариялай алады.
Дінтану мен исламтану еліміздегі жаңадан дамып келе жатқан ғылым салалары екендігіне қарамастан, қоғам дамуында аса маңызды орынға ие бола бастады. Өйткені, қандайда бірорта, қоғамның дамуы адамдардың руханиятынсыз ілгерілемейтінін тарихтың өзі дәлелдеуде. Сондықтан қазақ, орыс, ағылшын, яғни үш тілде қатар шығатын «Хабаршының» дінтану сериясынан еліміздегі дінтану, исламтану саласындағы ізденуші жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу мақалалары жарияланбақ. Яғни бүгінгі қоғамда өзектілігі жоғары сауалдарға нақты ғылыми жауап табуға болады деген сенімдеміз.
Жылына төрт рет жарық көретін жаңа басылымның екі санын Нұр-Мүбарак университетінің магистарнттарына таныстырған журналдың ғылыми редакторы, философия ғылымының докторы, профессор Нағима Байтенова бастаған редекция өкілдері жарияланатын зерттеу мақалаларына қатысты мәселелерді жан-жақты түсіндіріп өтті. Ал жауапты хатшы философ.ғ.к., доцент Бекжан Мейрбаев журналға қатысты болашақ жоспарлармен де таныстырды.
Жаңа басылымға Нұр-Мүбарак университетіндегі жас ғалымдар да үлес қосып үлгерген. «Дінтану» кафедрасының ассистент оқытушысы Жандос Ишмахановтың ғылыми-зерттеу мақаласы «Хабаршының» екінші нөмірінде жарық көрген. Профессор Нағима Байтенова нұр-мүбарактық жас ғалымның алғашқы жетістіктерімен де құттықтаса, жауапты хатшы доцент Бекжан Мейрбаев «Хабаршының» сүйінші нөмірін университеттің «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі теология ғылымының (PhD) докторы Қалмахан Ержанға салтанатты түрде табыс етті.
Болашақ ғалымдарға жөн көрсетіп, Нұр-Мүбаракқа арнайы ат басын тіреген ғалымдарға Оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, философ.ғ.к. Әли Әлмұхаметов университет атынан зор алғыс білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасында жарық көретін «Хабаршы» ғылыми журналы осы кезге дейін журналистика, филология, тарих, философия, экономика, саясаттану, экология сынды т.б. салаларда 16 сериясы жарық көріп келсе, дінтану сериясы он жетінші болып қатарға қосылды. Осындай жан-жақты мәліметтермен танысқан Нұр-Мүбарак университетінің исламтанушы, дінтанушы магистранттары тұсаукесер өткізуші ғалымдар тобына мақаланың жариялану тәртібі, басылымға жылдық жазылу секілді көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Редакция алқасы «Хабаршының» электорнды нұсқасын Ұлттық университеттің ресми сайтынан да оқу мүмкіндігі барын жеткізді. Бұл әрине ғылыми зерттеу жасаушы жас ғалымдар үшін үлкен мүмкіндіктердің бірі екені даусыз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.11.2015
3636
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру