Нұр-Мүбарак университеті алғашқы докторант түлектеріне ақ жол тілемек. Докторантуралық бөлім Нұр-Мүбарак университетінде «6D021500 - Исламтану» , «6D020600 – Дiнтану», «6D021000–Шетел филологиясы» бойынша 2012 жылы, оның ішінде исламтану елімізде тұңғыш рет ашылған еді.
"6D020600 - Дінтану" мамандығының екі PhD докторанты диссертациялық жұмыстарын Дінтану кафедрасында алдын ала қорғады. «622 жылы қабылданған «Мәдина Конституциясының» Ислам мемлекеттілігінің пайда болу және қалыптасу кезеңіндегі орны мен рөлі» тақырыбындағы Мұхан Исаханның диссертациялық зерттеу жұмысына отандық кеңесші филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім Тұрсынұлы, ал шетелдік кеңесші Түркия Республикасы Ержиес университеті доктор, профессор Юнус Апайдын жетекшілік жасауда.
Ал «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы» тақырыбындағы Алмасбек Шағырбаевтың диссертациялық зерттеу жұмысына отандық кеңесші филол.ғ.д., профессор Ш.Т.Керім, шетелдік ғылыми кеңесші доктор, профессор Али Рафет Өзкан жетекшілік жасауда. Үш жылдық зерттеулерінің сын сағаты жақындаған болашақ ғалымдар өз еңбектерін жан-жақты жеткізіп бақты. Университеттегі теология ғылымының (PhD) докторы Қалмахан Ержан басқаратын «Дінтану» кафедрасы тарапынан құрылған комиссия мүшелері мен рецензенттер диссертанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты өз пікірлері мен сын-ескертпелерін де жасады.
Ал PhD доктор Шамшат Әділбаева басқаратын «Исламтану» кафедрасында алғашқы исламтанушы докторанттардың бірі Қайрат Құрманбаев «Хусамуддин әс-Сығанақи еңбектеріндегі «Усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері» атты диссертациялық зерттеуіне алдын ала қорғаудан өтті. Қайрат Құрманбаевтың отандық ғылыми кеңесшісі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры филология ғылымының докторы, профессор Ә.Б.Дербісәлі болса, шет елдік ғылыми кеңесші Египет Араб Республикасы әл-Азһар университетінен PhD, профессор Абдул Хай Азаб мырзалар.
Хусаммуддин әс-Сығанақи ислам ғылымына үлес қосқан қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ғұлама. Оның еңбектерін осы кезге дейін Мысыр, Сауд Арабиясындағы ғалымдар диссертациялық еңбектерін қорғаса, енді ислам ғұламасының еңбектерін өз туған жерінде ғылыми айналымға түсуі қуанышты жағдай. Ал Нұр-Мүбарак университеті ислам ғылымының туын көтеріп келе жатқан білім ордасы болғандықтан, шет елдердегі мұрағаттарда жатқан ортағасырлық ғұламалардың том-том еңбектері елімізбен қайта қауышады деген сеніміміз де мол.
Осылайша, санаулы мерзімде Нұр-Мүбарак университетінің дінтану және исламтану саласы бойынша дайындаған алғашқы PhD докторлар тобы еліміздің ғылым саласына өз үлестерін қосады деген үміттеміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.11.2015
3402
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру