Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Жастар-ел болашағы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті

18.11.2015 4255 0 пікір

ҚМДБ-ның төрағасы,  Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет  үстіміздегі жылғы қараша айын «Жастар – ел болашағы»  акциясы аясында жоғары деңгейде әртүрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылуын ерекше тапсырма ретінде жүктеген еді. Осыған орай, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Жалпы және жастар бөлімінің ұйымдастыруымен «Жастар – ел болашағы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясы 18 қараша күні Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық Институтының үлкен дәріс залында өткізілді.

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жоғарғы оқу орындарының басшылары мен студенттері қатысты. Конференцияда талқыланатын баяндамалар  баспаханадан кітапша болып шығарылып, арнайы пакет арқылы конференцияға қатысушыларға шақыру қағазы, қойын дәптер, қаламмен қоса  алдын-ала таратылды. Сонымен қатар «Жастар-ел болашағы» атты діни-әдеби кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, үлкен экранда имандылық тақырыбында бейнероликтер қойылды.

Конференция жұмысын  кіріспе сөзбен ашқан өкіл имам Нариман Ермекұлы арықарай конференция барысына басшылық жасап отырды.

Жастарды дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарымен сусындатып, түрлі келеңсіздіктер орын алып жатқан заманда еліміздің келешегі бүгінгі жас буынды теріс жолдардан сақтандырып, отансүйгіштікке, имандылыққа бағыттауды  мақсат тұтқан бұл конференцияда   «Жас ұрпаққа тәрбие берудің жолы - ағартушылық»,- тақырыбында ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің  басшысы Алтынбек Ұтысхан, «Тәрбие тал бесіктен ғана емес, жан есіктен басталуы тиіс»,-тақырыбында «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Берікбай Германұлы, «Иманды ұрпақты қалай тәрбиелейміз?»,- «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы, ғылым магистрі  Қарлығаш Қажымәлікқызы, «Суицид – рухани дерт, өз-өзіне қол салу - ауыр күнә»,-тақырыбында «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Аманқұлов Хасан, «Формирование казахстанского патриотизма – нравственное, духовное воспитание молодежи», - тақырыбында ресми тілде «Патриотического воспитания» орталығының директоры Ефим Машинец,  «Зинақорлықтың зардаптары»,- тақырыбында журналист Тілеуберді Сахаба, «Дәстүрлі Ислам дінін насихаттаудағы журналистердің рөлі»,-тақырыбында С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенті Мереке Амантайлар қойған барлығы 7 баяндама тыңдалды.

Баяндамаларға орай ф.ғ.д., профессор Бекен Сағындықұлы, Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры биология ғылымдарының кандидаты, доцент Исақаев Ербол Маратұлы, облыстық «Әбу Ханифа қоғамдық қорының» директоры Кенже  Садуақасұлы қатарлы көптеген адамдар жарыссөзге шығып жастарды халқымыздың ұлттық құндылықтарын (тілінің, дінінің, дәстүрінің, тарихының және атамекенінің) құрметтеу, сондай-ақ асыл құндылықтардың негізі саналатын дін мен дәстүрге құрметпен қарау, исламның бейбітшілік діні екендігіне сендіру, терроризм мен экстремизмнің зардаптарынан хабардар ету тұрғысында көптеген құнды пікірлер айтты.

Конференцияға қатысушылар облыс жастарына арнап арнай үндеу жариялады. Үндеуде, біріншіде,әртүрлі жат пиғылды ағым, секталардың жетегінде кетуден сақтандыру мақсатында Сіздерді, хақ дініміз - Исламды тек мешіттерден және сенімді, білімді адамдардан ғана үйренуге шақырамыз.

екіншіде, жастарымызды алтын уақыттарын заманауи озық ілім-білім меңгеруге жұмсап, өз істерінің нағыз маманы болуға, ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдар бойғы өмір тәжірибесімен сұрыпталып келген төл мәдениетіміз, озық салт-дәстүріміз бен мемлекеттік тілдің өркендеуіне, елімізді мекендеген барлық этностардың өзара ынтымақта болуына күш салуға шақырамыз делінген.

«Жастар-ел болашағы» конференциясында талқыланған баяндамалар, облыс жастарына жолданған үндеу өңірлік  баспасөз-ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталуда. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру