Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шәкірттер арасында интеллектуальдық сайыс өтті

16.11.2015 3767 0 пікір

Бүгінгі ғаламды жайлаған жаһандану дәуірінде асыл дінімізді жалпы халыққа насихаттау ісімен айналысатын имам-молдалар мен дін қызметкерлеріне қойылар талап өте үлкен. Имам-молдалар тек діни біліммен шектелмей, бүгінгі заманның жаңа технологияларын, әлемдік техника мен индустрия жетістіктерін де терең меңгерген, жан-жақты біліммен қаруланған бесаспап дін мамандары болуға тиіс. Сонымен қатар олар өзіміздің ұлттық тарихымызды, қайраткерлеріміз бен заңғар ойшылдарымыздың ой-пікірлерін де жан-жақты білуі де керек. Бұл - бүгінгі жаңа заманның талабы. Мұнымен санаспауға болмайды.

Міне осы мақсаттардың орындалуына үлес қосу, имамдар мен шәкірттердің интелектуалдық білімін, шешендік қабілетін арттыру, сондай-ақ діни білімін де көтеру, Ислам дінін жаңа әдіс-тәсілдермен насихаттауды қалыптастыру, білім мен ілімге жүйрік озат имамдар тәрбиелеген шәкірттер  арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын» анықтау, имамдар мен шәкірттердің өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру мақсатындағы «Бабаларым, рахмет сендерге!» атты имамдар мен шәкірттердің интеллектуальдық сайысының 2-кезеңі қараша айының 14 күні «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде жүргізілді.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамдары Е.Құдабаев, Х.Аманқұлов және аппарат басшысы У.Мақұлдан құралған қазылар алқасы қатысушыларға баға берді. Нәтижесінде сайыстың 2-кезеңіне бірінші кезеңнен сұрыпталған 10 шәкірт қатысып, олардың ортасынан Екібастұз қалалық мешітінің шәкірті Ерболат Амренов, қалалық «Әбу Бәкір Сыддық» мепшітінің шәкірттері Қабдеш Нұрболат, Тілектес Қанағат, қалалық «Бижан» мешітінің шәкірті Абдулла Айтқазылар келесі 3-кезеңге қатысуға жолдама алды.

«Адам дүниеге келерде Отанын, Ұлтын, Ата-анасын таңдай алмайды. Оларды Алла Тағала нәсіп етеді. Ал дінді таңдау еркін адамның өзіне қалдырған. Бақытымызға орай біздің дана бабаларымыз ұрпағының қамы үшін хақ дінімізді осыдан мыңдаған жыл бұрын таңдап қойған. Сондықтан да бұл сайыс «Бабаларым, рақмет сендерге!» деп аталады. Сайыстың 3-кезеңі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылған айы Мәуліт мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады»,- деді өкіл имам Н.Исенов. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру