Есімі елімізге кеңінен таныс, белгілі исламтанушыАбдуғаппар Сманов Атырау Энергетика және құрылыс колледжі студенттерімен кездесті. Келелі кездесу«Исламдағы бала тәрбиесі» тақырыбында өтті. Шараның ұйымдастырылуына «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы Қоғамдық қоры мұрындық болды.
Жиынды Қор директорының орынбасары, теолог Айбек Асқарбекұлы ашып, кездесу қонақтарын студенттермен таныстыра келе, шараның мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Кездесу барысында сөз алған А.Сманов мырза қазақтың арғы түбінен мұсылман болғанын, өкінішке қарай кешегі кеңес заманында, азан шақырып, тіпті жаназа шығаруға қорыққан тұсымызды мысалға келтірді. Сондай-ақ, асыл дінімізге қайта қауышып, ашық тұтынуға, ашық насихаттауға мүмкіндік берген тәуелсіздігімізге шүкіршілік етудің қажеттілігін айтты. Қашан да ұрпақ тәрбиесінің ұлттық рухтың ұстын-тірегі боларлық қоғамдық маңыздылығын тілге тиек етіп, жаңа ұрпақтың бастауы – ата-ананың қадірін өмірде болған оқиғалар негізінде түсіндіріп берді.
Алланың бірлігі мен барлығына махаббатпен қарауды ұсынған ағамыз сөзінің соңында «Үйіміздегі баланың сауаты қияметке дейінгі ең ұлық кітап – Құранмен ашылуы керек. Ислам ілімі – шексіз ілім, Ислам – әлемдік дін, Ислам діні – білімге бұйыратын дін. Міне, осымен байланысты өркениет те Исламда. Адам ертеңгі күні сұралатын жас кезінде уақытын бос өткізіп, өкініште қалмауы керек. Зейнеткер болған кезде ғана бір-екі сүрені жаттап, ақыретке дайындалу ақылдының ісі емес», – деп, Алла тағаланың баршамыздың білімімізге береке беруін тілеп, көпшілік үшін дұға етті.
Тыңдарман қауымның құрышын қандырған әңгімеден соң, ҚМДБ-ның өкілі, «Иманғали» Орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлы осынау отырыстың берекелі болғанына назарын аударып, білмегенді білгендерден сұраудың абзал екенін айтты. Сайып келгенде, «Дін – экстремизм мен терроризмнің ұйытқысы емес, дін – қоғамның тәрбиешісі, дін – руханияттың өзегі», – дей келе, дінді дін саласының майталманынан үйренбей, дінімізге жаны қас, жат ағым өкілдерінен қабылдаған өрімдей жастарымыздың дінін, Отанын сатып, шетел асып жатқанына қыжылысын білдірді. Осы ретте мешіттеріміздегі имамдардан ілім алудың адасудан сақтап қалатыны жайлы өзіндік ойын қорытындылай келіп, студенттерді діни сауаттылыққа шақырды.
Шара соңында студенттер дінтанушыларға сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасылды.
"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.11.2015
3358
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру