Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешіті Ғазиз Ахметовке құрмет көрсетті (ФОТО)

06.11.2015 4032 0 пікір
Бүгін қасиетті жұма намазына жиналған жамағат алдында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметовтің қызмет бабымен басқа шаһарға ауысуына орай құрмет көрсетіліп, шығарып салу рәсімі болып өтті. «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы дәстүрлі жұма уағызынан соң Ғазиз Нұртайұлының қадамына сәттілік тілеп, жиылған жамағатқа оның азаматтығы мен атқарған еңбегі турасында айтып өтті. Мешіт мәртебесі мен абыройы жолында аянбай қызмет еткені үшін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан «Алғыс хат» табыстап, иығына қазақы дәстүрімізбен шапан жапты.

Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Тараз шаһарында өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» дүбірлі тойында қос бірдей құлшылық ордасы ашылып, қала халқына қуаныш сыйлаған болатын. Аталмыш мешіттің біріне «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов бас имам болып тағайындалған еді. Құлшылық ордасының ашылу салтанаты тойға тура келгенімен, кейбір құжаттары дайын болмағандықтан, пайдалануға енді ғана беріліп отыр.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің ресми порталы Muslim.kz сайтының ұжымы атынан Ғазиз Ахметовке толағай табыстар тілей отырып, дін насихаты жолындағы жұмысының жемісті болуына ниеттестігімізді білдіреміз!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру