Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған республикалық конференция өтті

06.11.2015 4127 0 пікір

5 қараша күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Атырау облысы Дін істері басқармасы, Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия,  «Шапағат» Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қоры және Халел Досмұхамедов атындағы  Атырау  мемлекеттік  университетінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар: жаhандану жағдайындағы отбасы» атты II облыстық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференция қонақтары алдымен отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтар тақырыбында жазылған ғылыми еңбектер, сондай-ақ зергерлік бұйымдар көрмесімен танысты.

Келелі кеңесті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, университет жанындағы «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Б.Барсай жүргізіп отырды. Шараны Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі  жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Әжіғалиева Айгүл Теміртасқызы өз баяндамасымен ашып,  конференция жұмысына сәттілік тіледі.  

Пленарлық мәжілісте бірінші боп сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,  «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, теолог, PhD доктор Мансуров Батыржан Берденұлы дінімізде ерекше құрметтелген  әйел затының қоғамдағы орны туралы әңгіме өрбітіп, «Әйел – Алланың аманаты. Тіпті әйел хақында 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» сүрелері түскен. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адам туралы аяттар бар.  Сондықтан да аманатқа қиянат жасамай,  әйелдердің ұлттың ұйытқысы болуына ұмтылуы – Алла тағала разы болатын істерден», – деді.  

Бас имамға жол беріп, тыңдарман қауымды әйел затына тән ізеттелігімен тәнті еткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асанғазы  Оразкүл Асанғазықызының ұлттық намыс пен өршіл рухқа толы тебіренісі конференция қонақтарын бір серпілтіп тастады.  Ол өз сөзінде: «Бабадан жеткен ұлы арман, атадан қалған ақ тілек – азаттық еді. Алла қолдап аялап ұстар азат күнге де жеттік. Ашық аспан, бейбіт күнде алып аймаққа көк туын желбіреткен қазақ баласы жаратқанға тәуба айтып, ұлт қамын ойлауы керек, ел тірлігін істеуі керек. Ұлт қамы да, ел тірлігі де ең алдымен ұрпақ тәрбиесінде. Ұлт зиялыларының өмірі мен өнегесі – баршамызға аманат. Аманатты айналып өтуге болмайды. Аманатқа адал болу – адамдық белгісі», – деді.

Ұлттың тектілігін ар тазалығы, қыз бала тәрбиесімен байланыстырған  «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының директоры, теолог Жұмағұл Қанат Әділханұлы қазақы отбасы институтының мұсылмандық сипаттарын атап көрсете келе, сөзінің соңын: «Келешек жастардың қолында. Ұлымыз намысты, қызымыз арлы болса, келешегіміз қуатты болмақ. «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, Қызыңды бөтен үйге қондырма», – деген аталы сөздің мәні терең. Бұғанасы қатаймай, толықпаған кез келген ұл өз үйінің ыстығы мен суығына көндігуі керек. Бала  өсе келе «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болудың» артық тұсын білуі керек. Ал, «қызыңды бөтен үйге қондырма» деген сөздің мәнісі – қызды ибалы, инабатты, ар-намысты етіп өсіруді меңзейді», –  деп қорытты.

Сонымен қатар, «Ұлы дала елі құндылықтарынан – «Мәңгілік елге» тақырыбында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, т.ғ.д. Жамиға Тәжікқызы, «Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі»  тақырыбында Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Байдәулетұлы, «Жаhандану жағдайындағы жеке адамның тұлғалық қасиеттерінің дамуындағы құндылықтар мәселесі» тақырыбында Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің директоры  Қарабаева Айжан Сәрсенқызы баяндама жасады.

Конференция жұмысы түскі үзілістен кейін дәстүрлі отбасын қалыптастырудағы ұлттық құндылықтар және оның   ғылыми-теориялық мәселелері, Дәстүрлі отбасын қалыптастырудағы білім мен тәрбие және отбасындағы  рухани-өнегелік құндылықтардың рөлі, Отбасылық дәстүрге діни наным-сенімдердің әсері тақырыптарында өз жалғасын тапты.

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру