Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мәскеу Ислам институты арасында өзара білім бағдарламасы қабылданды

03.11.2015 3056 0 пікір

29-31 қазан аралығында Мәскеуде «Ғалымжан Баруди атындағы оқулар»  VIII Халықаралық теологиялық ғылыми-ағарту конференциясы өтті. Ресейлік және өзге елдердің мемлекеттік және мемлекеттік емес ғылыми-ағарту, ғылыми-зерттеу мекемелері мен алдыңғы ислами зерттеу орталықтарының өкілдерінің басын қосқан келелі жиында «Құрандық даналық мұсылмандық білім іргетасы» тақырыбы жан-жақты талқыланды.  

Ресейлік ислам діні саласының құзырлы өкілдері бұл конференцияны 2014-2016 ж.ж. арналған ислам тарихы мен мәдениетін тереңдетіп оқытатын мамандар дайындау бағдарламасы, РФ Білім және ғылым министрлігінің 2005-2015 ж.ж. арналған діни (мұсылмандық) білімді дамыту кешенді бағдарламалары аясында ұйымдастыруда. Әрі биылғы конференцияны Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Мәскеу Собор мешітінің жаңартылып, ашылуының құрметіне арнапты. Ал конференцияның тұрақты атауына тоқталсақ, ресейлік татар ислами ғалымы, діни қайраткер, педагог, ағартушы, XX ғасыр басындағы Ресейдегі мұсылмандық қоғамдық-саяси қозғалысының  көрнекті өкілі, Ресей мүфтиі Ғалымжан Мухаметзянұлы Галеевтің (1857-1921) құрметіне қойылған. Патшалық айдау салдарынан  Ливан, Сирия елдерін паналаса да өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған ғалым 1921 жылы 6 желтоқсанда Мәскеу қаласында Еділ мен Орал өңіріндегі аштыққа қарсы Діни басқарманың жұмысын жұмылдырып ұйымдастыру кезеңінде көз жұмған. Осылайша тарихты құрметтеген бүгінгі ұрпақ жыл сайын халықаралық конференцияны ұйымдастыру арқылы ислам әлеміндегі дамуға үлес қосуда.

Халықаралық конференцияның бір саласы  Нұр-Мүбарак университетімен танысуға арналды. Университет атынан ректор, доктор, профессор Жуда Басюни, доктор,профессор Ахмат әл-Амир Исмаил, аппарат жетекшісі Болатбек Абуов, оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Әли Алмұхамедов, дін және тәрбие істері бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбековтар қатысты. Конференция делегаттары Нұр-Мүбарак жайлы жасалған шағын бейнебағдарламадан университеттің тыныс-тіршілігі мен бакалавриат, магистратура, докторантуралық бөлімдер мен оқу базасының жай-күйімен танысып, өз ризашылықтарын білдірген.

Жиын соңында Мәскеу ислам институты мен Нұр-Мүбарак университеті арасында бірлескен білім бағдарламасына екі жақты қол қойылды.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру