Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырымдылық қоры 20 студентке көмек берді (ФОТО)

02.11.2015 3991 0 пікір

«Тамшы нұры» қайырымдылық қоры «Нұр-Мүбарак» университетіндегі білімі мен тәртібі жағынан үздік шыққан 10 студентке арнайы білім грантының сертификатын табыс етті. Одан өзге университеттің қоғамдық өмірі мен тәрбиелік жұмыстарына белсенділікпен ат салысып жүрген тағы 10 студенттің жатақханадағы бір жылдық төлемақысын да төлеп бермек.

Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Нұр-Мүбарак» университетінде ғана дайындалатын «исламтану» мамандығына бөлінген мемлекеттік білім гранты 150 болса, бұл мамандыққа 256 студент қабылданған болатын. Сондықтан жүзден аса студент бір оқу жылына 343 900 (үш жүз қырық үш мың тоғыз жүз) теңге төлеуі тиіс. Әлбетте, «Нұр-Мүбарак» университетінің дәл жанында бүкіл мүмкіндігі жасалған жатақханасы бар. Яғни, студенттердің білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Соған қарамастан оқу ақысын төлеу студенттерге оңайға соқпай жатады. Сондықтан ілім жолындағы студенттерге қолдау көрсетуді мақсат тұтқан «Тамшы нұры» бес ұл, бес қызға жарты жылдық грант бөлді. Ал жатақханада бір айлық тұру құны 6 мың теңге шамасында болса, жылдық төлемақының өзі 10 студентке үлкен көмек екені белгілі.

«Тамшы нұрының» шарапаты бұл ғана емес. «Нұр-Мүбарак» университетінің 120 адамға арналған  Дайындық курсы биыл екінші жыл шәкірт тәрбиелеуде. Дайындық курсының ғимарат кешені, шәкірттердің оқуы, жатар орын, ас-суы барлығын «Тамшы нұры» қайырымдылық қорын құрған қазақтың жомарт жігіттері өз мойнына алған болатын. Ал бүгінгі студенттерді қуанышқа бөлеген  шараға ол демеушілердің өздері келмеді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игіліг мен сәлемі болсын) «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген хадисіне сай өздерін жасырын ұстауды жөн көрген жомарт жандардың қайырымдылығы өзгеге өнеге боларлық. Себебі, «Жомарттық – бұтақтары дүниеге жайылған жәннат ағаштарының бір ағашы. Кімде-кім сол бұтақтардың бірін ұстап алса, бұл оны жәннатқа алып барады...», – деп басталатын тағы бір хадистің мәнін түсінбей жүрген қалталылар қаншама. Ал жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң да өзіңе қайтады деген қағиданы ескерсек, Алла жолында білім алуға ұмтылған жастарды қолдау – адамның өзіне жасаған жақсылығы ғана емес, еліміздің  кемел болашағына деген демеу екені сөзсіз.

Апта соңында, бүкіл дәрістерден кейін жиналған қуанышты кеште студенттердің көңілі жабырқап та қалды. Себебі екі жылдан бері бауыр басып қалған ұстаздары әрі тәрбиеші Асқар Мұханов жұмыс бабына сәйкес бүгінгі шараны «Нұр-Мүбарак» қабырғасындағы соңғы жұмыс күні екенін айтты. Ұстаздың да, шәкірттердің де көкейлерінен  қимастыққа толы ыстық лебіздер ағылды.

«Нұр-Мүбарак – білінбейтін нығметтер мекені. Сондықтан әрбір сәттеріңізді бағалап, еліміздегі имандылықтың күшейуіне ат салысатын мықты сарбаздар болуларыңды қалаймын. Жұмыс барысында артық-кем кеткен жерімізді де кешіріңіздер. Өмір талабы, басшылық бұйрығымен жұмысым ауысса да мен өздеріңмен біргемін», – деген ұстаз Асқар Мұхановтың кішіпейілділігі шәкірттер үшін тәрбиелік мәні зор сөздер болды. Шәкірттер мен әріптестері де Асқар Мұхановқа қимастықпен сәттілік пен ақ жол тіледі.

Айша КЕҢСЕБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру