Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мемлекеттік қызметкерлерге діни курс сертификаты табыс етілді (ФОТО)

29.10.2015 3486 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінде мемлекеттік қызметтегі дін саласымен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттырудан республикалық курс алғашқы түлектеріне сертификат табыс етті.

Осыдан екі апта бұрын тұсауы кесілген курста үш облыстан 12 маман дінтану, исламтану салалары бойынша 96 сағаттық дәріс алды. Қызылорда облысы бойынша бүкіл аудандардан он маман, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы облыстарының Дін істері басқармасынан бір маманнан келіп, біліктіліктерін арттырды.

Алғашқы түлектерге ресми құттықтау сөз сөйлеген Нұр-Мүбарак университетінің ректоры доктор, профессор Ж.А.Басюни мырза: «Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Иман  келтірген білім иелерінің дәрежесін арттырамыз», - деген. Сондықтан сіздер осы аз уақыт болса да алған білімдеріңізге сай әрекет жасап, елге қызмет етулеріңіз өте маңызды. Бұл ел ішіндегі теріс ағымдарға тосқауыл әрі ел бірлігін ислам аясында ұйыстыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз. Себебі, орта ғасырларда қазақ даласынан талай ислам жұлдыздары шықса, олар да өз білімдеріне сай амал жасаған. Біздің ұстаздардан алған білім сіздерге пайдалы болады деген үміттеміз әрі сіздерді біліктіліктеріңізді арттыруға жіберген мекемелеріңіз бен осындай мүмкіндікке жол ашқан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы алғыс білдіргім келеді», - деді.


Курсты тәмамдаған мемлекеттік қызметкерлердің әрқайсысына профессор Ж.А.Басюни өз қолынан сертификат табыс етіп, ақ жол тіледі. Жүздеріне қуаныш ұялаған түлектерден біз де Мысыр және қазақ елінің ғалымдарынан алған дәрістері мен курсқа қатысты пікірлерін сұрадық.


Жеңісбек Дәрібаев, Қызылорда облысы  Дін мәселелерін зерттеу орталығының «Ақпараттық-насихат және діни бірлестіктермен жұмыс жасау» бөлімінің меңгерушісі: 

- Осы екі аптада Нұр-мүбарак  университетінің ғалымдары мен ұстаздардан көкейімізде жүрген сұрақтарға, қоғамда жиі кездескен мәселелердің жауабын алдық деп айта аламын. Осы біліміміз өңірімізге барғанда жұмыс барысында пайдасы тиеді деген үміттеміз. Әрине, бұл өзі жаңалық болып отыр. Өйткені, осы кезге дейін мемлекеттік қызметкерлердің дін саласына қатысты мұндай біліктілігін арттыру курстары жайлы естіген емеспін. Сондықтан бұл бастама алдағы уақытта жалғасын тапса, құба-құп болар еді.

Сыр өңіріндегі өзге ағымдарға қатысты ахуал қандай? 

- Біздің Қызылорда облысы пайызға шаққанда тұрғындардың ең қазағы көп әрі негізгі ұстанатын діні де ислам. Қазір тұрғындар арасында да сұрақтар бұрынғыдай ораза, намазға қатысты емес, терең ақида, фиқһ саласына қатысты болып жатады. Кейде проблемалық сұрақтар туындығында салалық біліміз де әлсіз болып жатады. Дегенмен Сыр елінде  теріс ағым көп емес, жоқ деп те айта алмаймын. Бірақ басқа аймақтарға қарағанда ерекшеліміз, кезінде  XIX ғасыр, XX  ғасыр басында Бұхарада білім алған ахун-ишандарымыз көп болған. Сол ұстаздардың кезіндегі діни уағыздарының халық санасына сіңгені сонша, бір ғасырдай өтсе де тұрғындар сол пікірді мықты ұстанады. Әрі қазақы дәстүрімізді берік ұстану да ағымдардан сақтануда үлкен үлес қосуда. Бірақ осыған  қол қусырып отырмаймыз. Өйткені діни сауат арттыру мемлекеттің де негізгі міндеті. Өйткені елбасы Н.Назарбаев  2050 стратегиясында діни сана қалыптастыру керектігін айтқан. Сол бағытта жергілікті мешіт қызметкерлермен бірлесіп, жұртшылықтың діни сауатын көтеру, ұлттық құндылық пен  діни сана қалыптастыру, ағарту жұмыстары халық арасында жүріп жатыр.


Ерлан МАТАЕВ, Алматы облыстық Дін істер басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының маманы:

- Біліктілікті арттыру курсында дәріс алып, көкейдегі біраз сұрақтарға жауап таптық.  Алматы облысындағы дін саласының маманы ретінде Нұр-Мүмүбарак университетіне ризашылығымыз  шексіз. Қазіргі таңда еліміз ғана емес, әлемдегі діни ахуалдың ушығуы, жастар арасындағы теріс ағымдардың жетегіне кету жағдайларына орай туындап жатқан түйткілді сауалдарға пайдалы білім алдық. Әрі мұндай курс алғаш рет ұйымдастырылыпты. Бұл өте пайдалы, ел ішіндегі діни алауыздықтың алдын алуда маңызы зор бастама деп айтар едім. Өте ризамын.

Жетісу жеріндегі жат ағымдарға қарсы күрес мәселесі қандай?

- Қазір облыс басшылары  бұл діни салаға ерекше ден қойып, нақты іс-шаралар атқаруда. Мешіт қызметкерлерімен бірлескен жастар, студенттер, мешіт жамағаттары  арасында түсіндіру жұмыстарынан өзге түрлі аймақтық, Репсубликалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылуда. Бұның барлығы халық арасында дұрыс діни түсініктің қалыптасуына жолбасшы болуда.   


Жалғасбек СҚАҚОВ, Қызылорда облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының Қармақшы ауданы бойынша  маманы:

- Осы Нұр-Мүбарак университетінде дінтану мамандығының сырттай бөлімі ашылған кезде екінші мамандығым ретінде 2010-2012 жылдары білім алып шыққан едім. Сол ілімімнің септігі тиіп, аудандық әкімшілікке жұмысқа қабылданып, бүгінде түрлі жат ағымдарға қарсы мешіт, мектеп, жастар арасында түсіндірме жұмыстар жүргізіп, салт-дәстүріміз бен ата дінімізді сақтап қалу жолында жұмыс жасаудамыз. Осы университетті бітіріп кеткеннен кейін оқу орнымды, тағы да келіп білім алуды аңсап, ұстаздарымды сағынып жүр едім. Бүгінгі біліктілікті арттыру курсына сондай қуанышпен келдім. Нұр-Мүбарак университеттінің басшылығына, біздің білімізді жетілдіруге жіберген облыстағы басшыларымызға алғысымыз зор. Жақсы ілім алдық деген ойдамыз, бірақ әлі де білімге сусындағың келіп тұрады екен. Сондықтан, болашақта осы Нұр-Мүбаракқа магистратураға да келгім келеді.

Қармақшы ауданындағы діни ахуал жайлы айта кетсеңіз...?

- Ауданымызда қазақшылық жақсы сақталған, сондықтан біреу-жарым адасқандар болмаса, халық тыныш. Әрі дінге де жақсы көңіл бөлініп жатыр ғой. Сондықтан  Алладан жақсылық күндерінен үміттеміз.   

Сізді әріптестеріңіз батаны жақсы береді деп жатыр, сондықтан ақ тілегіңізді естісек... (Жалғасбек мырза бөгелместен ақ батасын бере бастады)

- Ия, Раббым! Алған білімімізді хайырлы етіп, осы ілімімізге амал етуді баршамызға нәсіп ет.

Осындай ілім алуға жағдай жасаған басшыларымызға, ұстаздарымызға Алланың рахымы, Пайғамбарымыздың (ﷺ) шапағаты болсын. Баршаңыздың бақыт бастарыңызда, береке астарыңыздада болғай.

Бастарыңнан бағың таймасын,
Аймаққа атың жайласын,
Үрім-бұтақ ұрпағың бақыттың тойын тойласын,
Отыңның басы оң болсын,
Несібе, бақыт мол болсын,
Өсіп-өніп ұрпағың,
Жауды жеңер қол болсын.
Жарқын болсын көңілдерің жаздың әсем таңындай,
Таза болсын өмірлерің таудан аққан ағындай,
Жатсын халық осы  Нұр-Мүбарактан күндіз-түні арылмай,
Көпке басшы көсем қылып,
Сөзге сөйлер шешен қылып,
Ұлы сөзге ұста қылып,
Қысыр сөзге қысқа қылсын,
Ұлықпандай Хәкім қылсын,
Осы ұрпақтарымызды, бауырларымызды елге иманды әкім қылсын,
Дінтанушыларды құрметтеп сыйлаған елдің баласын,
Сыйлаған елдің анасын, ілім сыйлап біздерге жағдай жасап, сертификат беріп халық берсін бағасын!

Жәннаттан Алла бұйырсын ата-баба баршаңа, кәусардың жасыл жағасын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, әрбір жақсы күнде аман-есен қауыштырсын. Әумин, Аллаһу Акбар!   

- Әумин айтқаныңыз келсін!

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру