Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңіріндегі ақбасты Алатаудың баурайындағы Нұра ауылында дүрілдеген мерейтой өтіп жатты. Бұл қуаныш осы ауылдың алғашқы ірге тасының қаланғанына жарты ғасыр толуына арналған. Оның алғашқы қазығын Сағыныш Есбергенов марқұм қағыпты. Еңбексүйгіш те тынымсыз басшының елсіз далада қаққан сол қазығының аумағында бұл күндері бес жүзге тарта шаңырақ түтін түтетіп, 4 мыңға жуық халық мамыражай тұрмыс кешуде. Негізі өз қандастарымыз. Жасыл желек жамылған ауыл көрікті. Ақ шатырлы тұрғын үйлер мен зәулім де кең мәдениет үйі, үш қабатты мектеп, емхана мен бала-бақша, оқтай түзу көшелер көз тартады. Соның бірі бұрынғы ескі жер үй сүріліп, оның орнына бой көтерген 250 орынды бүгінгі уақыт талабына сай сәулеткерлік сәні келіскен көк күмбезді мешіт ғимараты. Оны осы ауылдың перзенті Берік Әбдіжапарұлы Алла разылығы үшін өз қаржысына салдырған. Ауылдың жарты ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты жиын кең сарайдай мәдениет үйінде өтісімен, оған қатысқан алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар мен ауыл тұрғындары мешіттің ашылу рәсіміне жиналды.
Рәсім Алматы қаласы, Медеу ауданында биыл жазда ашылған «Арафат» мешітінің Бас имамы Әнуар Елжановтың Құран оқуымен ашылды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің мешіттің ашылуына арнаған құттықтау сәлемін «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбек жеткізе келе сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың дидарын қалап, мешіт тұрғызған болса, Алла Тағала жәннатта оған сондай үй тұрғызады», - деген хадисіне сай сауабы зор іс атқарған Берік Жапарұлына шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның кадрлар бөлімінің жетекшісі Байзақ Бекмұратов мешіт салдырған азаматқа қасиетті Құранның ана тілімізде жарық көрген соңғы тәржімасын (аударған Сәбит Ибадулла), ал мешітке жуырда ғана Кувейттен елімізге сыйлық ретінде жеткізілген Алла Кәламының арабша шыққан бір қорап кітабын табыстады. Биылғы жазда мешіт жанындағы сауат ашу курсында отызға тарта жергілікті жасөспірім білім алған. Еңбекшіқазақ ауданының Бас имамы Сапархан Төреқұлов жиналған жамағатты мешіттің қайта жаңғырып сәулеттене түсуімен құттықтап:
– Аллаға шүкір, бес уақыт намазды кең де жаңа ғимаратта оқуға мүмкіндік туды. Алла үйінің қайта ашылуы бәріміз үшін де зор қуаныш. Мешіт жамағатымен көрікті, десек қазір міне мешітке сыймай көрік беріп отырсыздар. Ертең мұнан да көбейе беріңіздер, - деген жүрек жарды ізгі тілегін айтты.
Мұнан соң мешіт имамы Мұрат Жақанов Берік Әбдіжапарұлы мен осы ғимаратты тұрғызған құрылысшылар тобының жетекшісіне: «Алла разы болсын!» деп жамағат атынан естелік сыйлықтар табыстады.
Рәсім аяқталысымен жиналған жамағат жаңа мешітте бесін намазын оқуға кірісті.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
28.10.2015
4265
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру